Олжас Бектенов орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің дайындығын тексерді
Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ормандарды сақтау мен қорғауда заманауи цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.
Резерват аумағында премьер-министр орман және дала өрттерін ерте анықтауға арналған, ЖИ негізінде жұмыс істейтін жүйені пилоттық режимде енгізу нәтижелерімен танысты. Аталған технология өрт ошақтарын алыс қашықтықтан және кез келген ауа райы жағдайында анықтауға мүмкіндік береді.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев заманауи тепловизиялық және оптикалық камераларды пайдалана отырып, тәулік бойы бейнемониторинг кешендері өрт белгілерін бастапқы кезеңде автоматты түрде анықтайтынын баяндады. Өрт немесе түтін анықталған жағдайда жүйе Жедел басқару орталығына бірден сигнал жолдайды, бұл өрт ошақтарын жедел оқшаулауға және жоюға мүмкіндік береді. Орталық камералардан алынған кескіндерді нақты уақыт режимінде көрсетуге арналған бейне қабырғамен, сондай-ақ стационарлық радиостансамен жабдықталған. Мұндай орталықтар Абай облысының 7 ауданында орналасқан «Семей орманының» барлық 10 филиалында ашылған. Өртті ерте сөндіру жүйесі 100-ден астам сынақтан өткізілген. Қазіргі уақытта оны жетілдіру бойынша жұмыстар, оның ішінде алты метеокешенмен және құрғақ найзағай соғуын анықтауға мүмкіндік беретін найзағай бағытын анықтау стансасымен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.
Президент тапсырмасына сәйкес, өртті ерте анықтау технологиясы бүкіл еліміз бойынша кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Ақмола облысындағы бес орман шаруашылығы мен Астана маңындағы екі қорықта, сондай-ақ Қарқаралы және Баянауыл ұлттық парктерінде жүйенің екі кезеңді енгізілуі туралы «Қазақтелеком» АҚ цифрлық бизнес дивизионының бас директоры Бақтияр Қожахметов баяндады. Іле-Алатауы, Сайрам-Өгем ұлттық парктерінде және «Көлсай көлдері» МҰТП-да жұмыстар аяқталуға жақын. Үшінші кезең Шығыс Қазақстан облысындағы 10 орман шаруашылығын және Қатонқарағай ұлттық паркін қамтиды.
Осылайша, биылғы шілде айында еліміздің 24 табиғи паркі мен қорығының өрт қаупі жоғары аймақтарын қамтуды аяқтау, қыркүйек айында барлық жүйені өнеркәсіп мақсатында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Президент айқындаған негізгі бағыттардың бірі – цифрландыруды енгізу. Өткен жылы резерватта 510 мың гектар аумақты қамтитын, 37 заманауи камерамен жабдықталған өртті ерте анықтау жүйесі енгізілді. Технологияларды тікелей патрульдеу шараларымен нығайту қажет. Бұл өте маңызды. Сондықтан өрт қаупі жоғары кезеңде орман күзетінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, ол барлық қауіпті аймақтарды қамтуға тиіс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр жұмысты жеделдетуді және цифрлық технологияларды сапалы енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.