Олжас Бектенов министрлер мен әкімдерге су тасқыны жағдайына қатысты бірқатар тапсырма берді
Үкімет отырысы соңында Премьер-министр Олжас Бектенов министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді.
Алматы, NEGE. Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері су тасқыНына байланысты жағдайдың ушығып кетуіне жол бермеу үшін барлық шара қабылдасын. Жауапкершілікпен әрі шұғыл қимылдап, уәкілетті мемлекеттік органдар мен ел басшылығын хабардар ету қажет. Тұрғындармен кері байланыс орнатып, олардың өтініштеріне дереу құлақ асу керек.
Су ресурстары министрлігі мен әкімдіктер, әсіресе еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде орналасқан су қоймалары мен нысандардағы судың деңгейін ерекше бақылауда ұстау қажет. Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек.
Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктеріне ахуал күрделене түскен жағдайда оны бақылауда ұстауды тапсырамын. Қажет болса, қосымша күштер мен құралдарды жұмылдыру керек.
Көлік министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге зақымданған жол инфрақұрылымын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдасын. Жолдар мен көпірлердің жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізу қажет.
Экология министрлігі ауа райы болжамының нашарлауына қатысты ақпарат алған кезде дауылды ескертулер туралы тиісті мемлекеттік органдарды жедел хабардар етсін.
Цифрлық даму министрлігі су тасқыНын болжау және модельдеу жұмыстарын жалғастырсын. Tasqyn ақпараттық жүйесін оның жұмысына қатысты айтылған сын мен анықталған кемшіліктерді ескере отырып жетілдірсін.
Былтырғы су тасқынын ескере отырып, төтенше жағдай зардаптарын жою және тұрғындарға көмек көрсету мәселелері бойынша барлық нормативтік құқықтық актілерді өзектендіру жұмысын бір апта мерзімде аяқтау қажет.