13 мая 2025 г. 15:50

Олжас Бектенов ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмысын жандандыруды тапсырды

Фото: gov.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов климаттық сын-қатерлердің күшеюі мен қолжетімді су қорларының қысқаруы жағдайында диқандарды қажетті су ресурстарымен қамтамасыз етуге жүйелі тәсіл қажеттігіне назар аударды.

Алматы, NEGE. «Ылғалды көп талап ететін дақылдарға тәуелділікті азайту шараларын қабылдау, ғылыми институттарды жұмылдыра отырып, шаруалардың құрғақшылыққа төзімді агротехнологияларға көшуі бойынша жер-жерде түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек. Дегенмен, ауа райының ықтимал қолайсыз болуы болашақ егіннің сапасы мен көлеміне әсер етпеуі керек. Тиісті шараларды алдын ала қабылдау қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне Қаржы министрлігі, облыс әкімдіктерімен бірлесіп, су тапшылығы қаупі жоғары өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды және диқандардың тамшылатып және жаңбырлатып суаруға көшуін ынталандыру жөніндегі шаралар кешенін көздей отырып, ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмысын жандандыруды тапсырды.