Олжас Бектенов Алматы тау кластерін одан әрі дамыту тәсілдерімен танысты
Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары барысында Алматы тау кластері аумағын тікұшақпен аралап көрді. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшылығы және отандық, халықаралық сарапшылар қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен саланы одан әрі дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Алматы, NEGE. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, тау шаңғысы индустриясының әлемдік жетекші компанияларының өкілдері: Horwath HTL (АҚШ) серіктесі Синиша Топалович, Stem International (Франция) бас директоры Винсент Тассар, PGI management (Андорра) президенті Жоан Виладомат тау туризмін дамыту жоспарларын таныстырды. Алматы тау кластерін кешенді дамыту мақсатында кешенді жоспар әзірленді, оған сәйкес Түргеннен Қаскелеңге дейінгі келешегі зор 3 басым аймақ – шығыс, орталық және батыс аймақтары айқындалды. Онда әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым және халыққа қолжетімді 300-ден 700 шақырымға дейінгі тау шаңғысы трассаларын салу көзделген. Бір ғана орталық аймақта көтергіштер санын 16-дан 58-ге дейін көбейту жоспарланып отыр. Мұндай шаралар нәтижесінде өткізу қабілетін 5,6 есеге – тәулігіне 6 мың адамнан 34 мың адамға дейін арттырып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу күтілуде. Алматы тау кластері 2029 жылға қарай Орталық Азиядағы жыл бойы жұмыс істейтін ең ірі туристік жобаға айналады деп жоспарлануда.
Америкалық Horwath HTL компаниясының серіктесі Синиша Топалович жоспарды жүзеге асыру Алматыны жыл бойына жұмыс істейтін, әлемдегі жетекші курорттармен салыстыруға болатын тау туризмі бағытына айналдыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Стратегиялық мақсат – табиғат, бос уақыт, спорт пен мәдениетті біріктіретін Almaty Mountains Destination бірегей туристік брендін қалыптастыру. Басым бағыттардың бірі – көрнекті туристік объектілер құру, аспалы жолдар жүйесін, қонақ үй және спорт инфрақұрылымын дамыту. Премьер-министр Шымбұлақ, Ой-Қарағай, Пионер, Қимасар және Бутаковка сияқты орталық аймақты дамыту жоспарларымен танысты.
Француздық Stem International компаниясының бас директоры Винсент Тассар қысқы туризммен қатар жазғы инфрақұрылымды дамытуға – вело және жаяу жүргіншілер жолдарын қалыптастыруға, белсенді демалыс орындарын, глампинг, этно-қонақүйлер нысандарын салуға және экологиялық таза көлікті іске қосуға баса назар аударылғанын атап өтті. Орнықты даму стандарттарын, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды және қоршаған ортаның цифрлық мониторингін енгізу жоспарланып отыр.
PGI Management компаниясының президенті Жоан Виладомат жалпы ұзындығы 65 шақырымнан асатын трассалары бар Құмбел шыңы мен «Көк-Жайлау» шатқалын қамтитын тау шаңғысы курорты Almaty SuperSki тұжырымдамасын таныстырды. Almaty SuperSki жобасының жетекшісі Томас Тор Йенсен барлық трассаның жартысына жуығы шаңғы тебуді бастаған жаңадан үйренушілерге арналатынын, бұл жаппай шаңғы мәдениетін қалыптастыруға жағдай жасайтынын атап өтті. Сонымен қатар құрылыстың экологиялық тазалығы мен инклюзивті инфрақұрылымды қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.
«Тұрақты даму – біздің компанияның маңызды басымдықтарының бірі. Біз табиғат пен экологияны сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан біз қазу жұмыстарын барынша азайтамыз, көтергіштер мен трассалар салу кезінде экожүйені бұзбай, табиғи ландшафтты сақтаймыз. Біз тау шаңғысы курорты баршаға – балаларға, ересектер мен мүгедектігі бар жандарға қолжетімді болуы керек деп есептейміз. Барлық көтергіштер барлық санаттағы адамдар пайдалана алатындай етіп жасалады»,
— деп атап өтті Томас Тор Йенсен.