20 марта 2024 г. 10:49

Олимпиада чемпионы атанған қазақ балуаны АҚШ-та қайтыс болды

Фото: kazakhstan_wrestling

Еркін күрестен 2014 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Мұхамбет Қуатбек АҚШ-та қайтыс болды, деп хабарлады инстаграмдағы kazakhstan_wrestling парақшасы. 

Алматы, NEGE. «Еркін күрестен еліміздің туын дүбірлі додаларда желбіреткен, талантты балуанымыз Мұхамбет Қуатбек 27 жасына таяған шағында дүниеден озды деген қайғылы хабар жетті», - делінген хабарламада. 

Өлімнің себебі әзірге белгісіз.

Мұхамбет Қуатбек 27 жаста еді. Ол – қазақтың еркін күрес балуаны, 2014 жылғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпазы. Сол жылы Мұхамбет 58 келіге дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

2016 жылы 55 келі салмақта жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

2017 жылы 55 келі салмақта финалда өзбекстандық Жахонгирмирза Туробовтан ұтылып, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.