Оқушыны бұтына жіберуге мәжбүрлеген мұғалім жұмыстан кетті

Алматы облысының Үштөбе қаласындағы М.Горкий атындағы орта мектепте болған жайсыз жайт талайдың шамына тиді.

Үлкен дәретке барғысы келген 2 сынып оқушысын әжетханаға кіруіне тыйым салып, салдарынан қыз бұтына жіберіп, бүкіл сыныптастарының алдында ұятқа қалған. Себебі, мектеп ішіндегі дәретханаға тек кіші дәретке отыруға рұқсат екен.

«Екінші не үшінші сабақтың уақыты болатын. Маған әдебиет пәнінен сабақ беретін Олеся Парышева есімді мұғалім қоңырау шалып, қызымның дене қызуы көтеріліп тұрған соң үйге қайтарып жібергенін айтты. Алайда, қызым үйге  шалбары су-су, көз жасын көл қылып келіп тұр. Артынша, оның бұтына жіберіп қойғанын анықтадым. Ең сорақысы, оның нәжісі іш киіміне қатып қалыпты, Бұл не деген масқара? Менің қызымды мектепте болған жағдайдан кейін қанша уақыт ұстаған сонда?» – деген қыздың анасы. Анасының айтуынша, бүкіл сыныптастарының көзінше мұндай жайтқа тап болу оқушы қыздың психологиясына қалай әсер ететінін елестету мүлдем қиын. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін мектепке барған ана күтпеген жерден таңқаларлық жағдайға кезігіпті. Мектеп әкімдігі қызға көмектесудің орнына оған қарсы ұжымдасып, оны өтірікші қылмақ болған. 

«Өтірік айтып несі бар? Сонда ол қоңырауда дәретханаға бармай, бұтына жібере сала ма? Мектептегілер менің қызым мұның барлығын ойдан құрастырды деп отыр», – деп налыды әйел.

Ең сорақысы, мектеп ұжымы өздерін ақтап, оқушы қызға жала жапқан. Қызды дәретханаға жібермей қойған ұстаздың сөзінше, қыз мүлдем сыртқа шығуға сұранбаған. Ол ол ма, еден жуушы Рамиля Аскерова «әжетхананы ластадың» деп қызға тағы сөйлеген. Ал мектеп директоры Арман Ізбасаровтың бұл жағдайдан мүлдем бейхабар екенін айтып, басын ала қашқаны қызық. Ол ата-ананың ренішін тыңдап, басудың орнына өзінің қол астындағы қызметкерлерін жақтап шығыпты.

Қазір оқушы қыз психологиялық қысымға ұшырап, анасынан басқа мектепке ауыстыруын өтініпті. Алайда, бұл жағдай қыздың ізінен қала ма? Себебі, жұрт осы отбасының басқа балаларын әлеуметтік желіден тауып алып, намысына тие бастапты. Енді олар да мектепке барудан бас тартқан.

«Оларды мектепке күштеп жіберсем, ертеңгі күні өздеріне қол жұмсай ма деп қорқам. Сондықтан мектеп ұжымы мен ата-аналар халық алдында кешірім сұрамаса, біз ол мектепке бармаймыз» деді анасы.

Талдықорғандық құқыққорғаушы Әмір Ғазалиевтің пікірінше, қазір кімнің баласы бұтына жіберіп қойды деген маңызды емес. «Ең бастысы, бұл мектепте болған жағдай. Демек, директор жауапкершілікті өз мойнына алып, анасы мен оқушыдан кешірім сұрауы тиіс еді. Ол бәрін керісінше істеді» дейді.

Бір айта кетерлігі, Қаратал ауданының әкімдігі Instagram-дағы  парақшасында: «27 қараша күні осы жағдай туралы кезектен тыс жиналыс өтті. Нәтижесінде мектеп әкімшілігі өз кәсіби міндетін орындамаған мұғалім О.Парышеваға ҚР Еңбек кодексінің 1-бөлімі, 64-бабына сәйкес, тәртіптік жаза тағайындады» делінген. 

Nege.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне хабарласты.

Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

– ҚР Еңбек кодексінің 1-бөлімі (2-бөлімі), 72-бабы бойынша, мұғалім О.Парышеваға тәртіптік жаза мен сөгіс, ал еден жуушы Р.Әскероваға «қатаң сөгіс» жарияланды. Алайда, бастауыш сыныптарға орыс тілінен беретін мұғалімнің жетіспеушілігіне қарамастан, №88 мектеп директорының 2019 жылғы 5 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, О.Парышева өз еркімен жұмыстан босатылды. Осы жағдайға байланысты, барлық сыныптарда «Бір-біріңді құрметте», «Қайырымды бол», «Дос қиындықта сыналады» атты тақырыпта тәрбие сағаты жүргізілді.  Қазір мектептің психологы күн сайын Е.Шевчук отбасына барып, балалармен сөйлесіп жүр. Олардың анасы мектеп жасындағы балаларын сабаққа жіберуге уәде берген.

Динара Мыңжасар

Қазір оқып жатыр

Түркістанда фельдшерлердің мәселесін көтерген азамат психиатриялық есепке заңсыз қойылған ба?

Алматыдағы қағаз зауытына 49,9 млн теңге айыппұл салынды

Польшада қазақстандық әйел қаза тапты

Трамп Ресей мұнайына салынған санкцияларды уақытша алып тастады