Оқушылар Мәжіліс жұмысымен танысты
Тоқсанаралық демалыста еліміздің әр өңірінен жиналған оқушылар бүгін Мәжіліске келіп, мұндағы жұмыс барысымен жақынырақ танысты.
Алматы, NEGE. Бүгін «Білім-Инновация» лицейлерінің оқушыларын БИЛ вице-президенті Нұрбол Төлебаев бастап келді. Оларды Мәжіліс қабырғасына депутат, кешегі білім саласының қызметкері Жұлдыз Сүлейменова шақырды. Сондай-ақ кездесуге депутат Мақпал Тажмағамбетова қатысты.
Лицей оқушылары ел болашағы үшін маңызды шешімдер қабылданып, келелі мəселелер талқыланатын Мәжіліс ғимаратына, оның ішінде бірлескен отырыс залын, кітапхана, жалпы отырыс залдарын аралап, экскурсия жасады.
Озық ойлы оқушылар депутаттарға еңбек нарығы, білім, экономика тақырыптарында толғандырған сауалдарын қойды. Кездесуде көшбасшылық қабілетті дамытудың басты тетігі – патриоттық сезім, адал және таза еңбек, сапалы білім, қоғамға пайдалы болуға деген құштарлық екендігі оқушыларға баса айтылды.
Мұндай ағартушылық экскурсиялар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.