Оқушы қыздар халықаралық математика олимпиадасында үш медаль жеңіп алды

Францияның Бордо қаласында өткен EGMO-2026 қыздарға арналған халықаралық математикалық олимпиадада 66 елден 247 қатысушы бақ сынады. Бұл сайыста қазақстандық қыздар екі күміс және бір қола медаль иеленді.

Оқу-ағарту министрлігі

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Білім сайысында Алматы қаласындағы С.А. Ходжиков атындағы №39 мамандандырылған лицейінің 11-сынып оқушысы Қайрат Аружан мен Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Юлия Катунина күміс медаль иегері атанса, Алматы қаласындағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Вера Которова қола жүлдені жеңіп алды.

Құрама команданы Антон Васильев пен Марат Нысанбаев жаттықтырған.

Жалпы командалық есепте Қазақстан 66 елдің ішінде 20-орынды иеленсе, ресми еуропалық елдер арасында 10-орынға тұрақтады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ олардың педагогтарына 6,5 млн теңгеге дейін біржолғы сыйақы төленетінін жазған едік. Биыл I дәрежелі диплом мен алтын медаль иегерлері үшін 6 487 500 теңге, II дәрежелі диплом мен күміс медаль үшін 4 325 000 теңге, III дәрежелі диплом және қола медаль үшін 2 162 500 теңге бекітілген. Халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған педагогтар да сыйақы алады. Оның мөлшері базалық лауазымдық жалақыға байланысты есептеледі.