Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды жаңартуға байланысты мәлімдеме жасады

Оқу-ағарту министрлігі қателер анықталған оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылатынын хабарлады. 

gov.kz

Астана, NEGE. Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қосымша тексеру барысында мектеп оқулықтарынан 700-ден астам ескерту мен қателік анықталғанын хабарлаған болатын. Осыған байланысты оқулықтарды бекітуге дейін оларды қосымша жетілдіру туралы шешім қабылданған.

«Қазіргі уақытта баспалармен және сарапшылармен бірлесіп анықталған ескертулерді жою жұмыстары жүргізілуде. Оқулықтардың сапасын толық қамтамасыз ету үшін қосымша уақыт  қажет. Сонымен қатар білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда», – делінген ведомство хабарламасында.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, 30 тамызға дейін 3-сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка» пәндері бойынша, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» пәні бойынша оқулықтар сатып алынады.

2027 жылғы 1 қаңтарға дейін – 4 және 9-сыныптарға, 2027 жылғы 1 сәуірге дейін – 8-сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылмақ.

«Оқулықтарды таңдау Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы іске асырылды. Оның нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдар өтінімдерді қалыптастырып, баспаларға жолдады. Сонымен қатар өңірлерде оқушылар санының өсуі мен кітапхана қорын жаңарту қажеттілігі ескеріліп, қалған сыныптарға арналған оқулықтарды қосымша сатып алу жүргізілуде», – деп хабарлады министрлік өкілдері.

Сондай-ақ оқулықтардың сапасы Үкіметтің ерекше бақылауында екені аталып өтілді.