13 ноября 2025 г. 11:58

Оқытушының университетте педофилдер туралы айтқаны дау туғызды

Фото: видеодан скрин

Әлеуметтік желілерде Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті университетінде өткен лекция кезінде түсірілген видео таралуда.

Астана, NEGE. Жазбада оқытушы «педофилдердің болуы Алланың бар екендігінің дәлелі» деп мәлімдеген. Бұл сөздер интернетте қызу талқылау мен сын туғызды.

Видео тарағаннан кейін университет ресми мәлімдеме жасады. Онда ролик контекстен үзіп алынғаны және оқу орнының ұстанымын білдірмейтіні айтылған.

«Педофилия тақырыбына байланысты Нұржан Смағұловтың видеосы университеттің ұстанымын білдірмейді. Желідегі нұсқа қысқартылған түрде жарияланғандықтан, айтылған сөздің мәні бұрмаланған»,  –делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Университетте ислам діні педофилияны және адамның қадір-қасиетіне жасалған кез келген құқық бұзушылықты қатты айыптайтынын, оны ауыр күнә және қылмыс деп санайтынын атап өткен.

Сонымен қатар, Смағұловпен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланатын мәлімдемелерге жауапкершілік туралы ескерту жасалғанын айтты.