26 февраля 2026 г. 16:04

«Оазис», R-Club және R-Club Deluxe тұрғын үй кешенін салушылардың ісі сотқа жолданды

Фото: freepik.com

Айыпталушылардың заңсыз әрекетінен 426-дан астам отбасыға 8,2 млрд теңге көлемінде аса ірі залал келген.

Астана, NEGE. Астанада үлестік құрылысқа қаржыны заңсыз тарту дерегі бойынша қылмыстық істерді тергеп-тексеру аяқталды, деп хабарлады қалалық прокуратураның баспасөз қызметі. 

«Тергеу барысында қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар Қазақстан заңнамасының талаптарын бұза отырып "Оазис", "R-Club" және "R-Club Deluxe" тұрғын үй кешендерін салу үшін азаматтардың ақшалай қаражатын тиісті рұқсаттар алмай тартқаны анықталды», – делінген хабарламада.

Қаражат көзделген мақсатта пайдаланылмаған, объектілердің құрылысы талапқа сай жүргізілмеген.

«Жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қамтамасыз ету мақсатында соттың санкциясымен жылжымалы және жылжымайтын мүлікке, атап айтқанда, 10 пәтерге, 36 жер учаскесіне, 16 тұрғын емес үй-жайға, 49 автомашинаға тыйым салынды.

Күдікті 12 адамға қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», – деп хабарлады елорда прокуратурасы.

Прокурорлар пәтер сатып алмас бұрын үлескерлердің қаражат тартуға рұқсаты бар-жоғын мұқият тексеруге шақырады.