Нұржан Нұржігітов азық-түлік бағасын реттеуге кірісті
Әлемдегі азық-түлік тапшылығы жылдан-жылға артып келеді. Ол сәйкесінше бағаның өсуіне алып келді. Соңғы уақытта елде азық-түлік тапшылығы туып, баға да айтарлықтай көтерілді. Осыны ескерген Жамбыл облысының әкімі азық-түлік бағасын реттеу мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Алматы, NEGE. Жуырда аталған мәселе Үкіметте де қаралған-ды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізіп, аталған мәселені шешу үшін әкімдіктерді жұмылдыру керегін айтты.
«Біз өңірлердегі сауда субъектілерінің жалпы жағдайды пайдаланып, аса жоғары қосымша табыс табатынын көріп отырмыз. Егер әкімдіктер мұны бақылауға алып, сауда-саттықтың барлық кезеңдерінде сауда үстеме бағалар бойынша мониторинг жүргізбесе, жағдай өзгермек емес», – деді Әлихан Смайылов.
Осы бағытта Жамбыл облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары жүйелі жүзеге асып жатқанға ұқсайды. Өйткені, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 1,5 млрд теңге, «айналым схемасын» іске асыруға 2,7 млрд. теңге қаралған екен.
Облыстағы әлеуметтік дүкендер саны да артқан. Бүгінде 32 дүкен болса, оның 16-сы Тараз қаласында, 16-сы аудан орталықтарында орналасқан.
«Айналым схемасы» деген жоба да нәтижелі жұмыс атқарып отыр. Аталған бағдарлама аясында олар ұн, күріш, жұмыртқа, сүт, май, картоп, пияз, сәбіз сияқты 9 түрлі тауармен тұрақты түрде қамтамасыз етілуде. Қалған әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 10 түрі тұрақтандыру қорынан жеткізіледі немесе тікелей ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен сатып алынады.
Азық-түлік бағасын реттеу үшін қорға қажеттілік бар. Осы бағытта тұрақтандыру қоры құрылған. Ол жерде 1094,8 тонна көлемінде азық-түлік қоры қалыптастырылған. Одан өзге құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандар баршылық. Бұл жайлы мәліметпен, Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлісті. Жол картасы мен даму жоспары аясында 2022 жылы 4,0 млрд. теңгеге азық-түлік өнімдерін сақтауға арналған 8 қойманың құрылысы жүріп жатыр екен.
Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылмен салыстырғанда көкөніс өндірісінің көлемі 15 пайызға артқан. Бүгінгі таңда 19,4 мың гектар алқаптан 616,6 мың тонна көкөніс өнімдері жиналып қойған.
Баға өсімі жайлы сөз бола қалса делдалдарды кінәлап жатамыз. Бірақ, Жамбыл өңірінде «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында облыстағы 213 дүкенге делдалдарсыз тікелей 8,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі келіп түскен. Солай болса да, аудандарда дүкендердегі азық-түлік өнімдері өз құнынан 2 есе қымбатқа сатылатыны туралы деректер тіркелуде. Бұл жайында облыс басшысы қарамағындағыларға қатаң тапсырма берді.
«Аудан әкімдіктері әлі күнге шаруа қожалықтарымен, кәсіпкерлермен жұмысты жолға қоя алмай отыр. Бұдан тек делдалдар ғана ұтуда, олар жаппай сатып алып, дүкендерге 2 есе қымбатқа сатады. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша тиімді жұмыс жүргізуге барлық мүмкіндік бар. Аудан, ауылдық округ әкімдері тиісті басқармамен бірлесе отырып, тек ұйымдастыру мәселелерін пысықтау керек», – деді Нұржан Нұржігітов.
Тараз қаласының әкімдігіне ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, аудандардан қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін базарларға жеткізу, оның ішінде логистикалық мәселелерді шешу жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды.
Сондай-ақ, апта сайынғы жәрмеңкелерден бөлек қалаға жақын маңдағы шаруа қожалықтарының қатысуымен тұрақты жәрмеңкелер өтеді. Облыс әкімі қоғамдық көліктер тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін автобус тасымалдаушыларға алдын ала ескертуді талап етті. Өйткені, жәрмеңке уақытында қоғамдық көліктің тоқтаусыз қатынағаны маңызды.
Баға мәселесі бойынша арнайы комиссия құрылмақ. Облысы әкімінің негізгі тапсырмасы осы. Комиссия құрамына бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті, облыстық прокуратура, сауда департаменті өкілдері енеді.
Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша 15 пайыздық сауда үстемеақы талабының сақталуын үздіксіз қадағалап отыруды міндеттеді.