Нұр-Сұлтандағы боран қозғалысты шектеді
Биылғы қыс елорда халқын әбіржітіп жатыр. Бүгін қар борап, қаланың қозғалысы шектелген. Әкімдіктегілер тұрғындарға көшеге шықпауын сұрады. Біз Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласып көрдік.
Нұр-Сұлтан, NEGE. Қыс басталғалы 2 миллион текше метр қар шығарылғанын, коммуналдық мекемелер 3 ауысымда күшейтілген режимде жұмысқа кіріскенін жаздық. Қаланы қардан тазалауға күн сайын 1 мыңнан астам техника мен 2 мыңға жуық жұмысшы шықса да, қауқары жетер емес.
Ал кеше әзілкештер «Біз біргеміз!» челленджін бастап жұртты қар тазалауға шақырған еді. Алайда, Нұр-Сұлтан қаласында ауа райы тосын мінез танытып, қар борап жатыр. Әлеуметтік желіде суреттер мен видеолар да көп. Ал әкімдік тұрғындарды үйден шықпауға шақырды. Себебі, қардың борап жаууына және желдің ұйытқуына байланысты кей көшелерде қозғалыс шектелген.
Тақырыпқа орай: Көлгіновтің көліктері ескірген
Біз Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің маманы Ақмарал Олжабаева хабарласқанымызда: «Көшенің қары тынымсыз тазаланып жатыр. Кеше қанша қар шығарылғанын айттық. Барлық техника жұмылдырылды. Қарапайым халық та шама-шарқы келгенше көмегін аяп жатқан жоқ. 23 қаңтарға қараған күні қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына 1127 техника бірлігі мен 1700 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Олар 27485 текше метр қар шығарды ( 2290 рейс)», – деді.