Нұр-сұлтанда вакцина салдырған тұрғын «Рио-де-Жанейродан» 2 бөлмелі пәтер ұтып алды
11 қазанда елордада вакцинацияланғандар арасында екі бөлмелі пәтер ұтысы ойынының жеңімпазына G-Park компаниясының тұрғын үй сертификаты табыс етілді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Алматы, NEGE. Қала әкімдігі мен «G-Park» құрылыс компаниясы ұйымдастырған ұтыс ойынының жеңімпазы атанды. Айта кетейік, екпе алғандар арасында мұнан бөлек апта сайын басқа да бағалы сыйлықтар ойнатылған.
Екі бөлмелі пәтердің иесі атанған Әсемгүл - елорда әуежайында тексеру қызметінің инспекторы болып жұмыс істейді. Үш баланың анасы. Ол жазда №7 қалалық емханада коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын салдырған. Әсемгүл екпені өз еркімен алған, ұтыс жайлы ештеңе білмепті. Хабарласқанда сенбедім дейді.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әсемгүл Ысқақова: «Әпкем хабарласты. Тікелей эфирден көрдім, сені құттықтап жатыр деп айтты. Қазір хабарласады саған, сен күт деді. Сенген жоқпын», – дейді.
«Азаматтарды вакцинациялауға ынталандыру мақсатында қала әкімі жаздың басында екпе алғандар арасында екі бөлмелі пәтердің ұтыс ойыны өткізілетінін хабарлады. Сонымен қатар, жаппай екпе басталғаннан бері көптеген ұтыс ойындары өткізілді, демеушілер өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетті. Вакциналау пункттері орналасқан әрбір сауда-ойын-сауық орталығы да екпе алғандар арасында тұрмыстық техниканы, сертификаттарды, жеңілдік купондарын және т.б. ойнатқан. Егер жаппай вакцинациялаудың басында – сәуір-мамыр айларында күніне бірінші компонентпен 2500-3000 адам екпе алса, жазда тәулігіне 8 мыңға дейін вакцинацияладық», - деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардаққызы.
Вакцина алғандар арасында iPhone12, тоңазытқыштар, теледидарлар мен басқа да құнды сыйлықтар да ойнатылды. Бас жүлде – Көктал тұрғын үй алабында орналасқан
«Рио-де-Жанейро» тұрғын үй кешеніндегі жаңа пәтер. Демеуші – G-Park құрылыс компаниясы.
Екі бөлмелі пәтер «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде ойнатылды. Ұтысқа 25 маусым мен 28 қыркүйек аралығында астанада вакцинаның 1-компонентін алған 18 жастан асқан тұрғындар қатысты.