Нұр-Сұлтанда вакцина салдырған тұрғын 2 бөлмелі пәтер ұтып алды
Елордада вакцина алғандардың ішінде ойнатылған ұтыс нәтижесі жарияланды.
Нұр-Сұлтан, NEGE. Ұтысқа 25 маусым мен 28 қыркүйек аралығында вакцинаның бірінші компонентін алған 18 жастан асқан тұрғындар қатысты. Нұр-Сұлтанда вакцина салдырғандар арасында ойнатылған 2 бөлмелі пәтерді Әсемгүл Ысқақова ұтып алды. Бұл туралы Хабар агенттігінің YouTube арнасындағы тікелей эфирде белгілі болды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Нұр-Сұлтан қаласында коронавирусқа қарсы екпе алып, ұтысқа қатысқандар арасында 75300 нөмірлі Ысқақова Әсемгүл Еркінбекқызы елордадағы басты сыйлық – 2 бөлмелі пәтерге ие болды", - делінген хабарламада.
Ұтысқа 25 маусым мен 28 қыркүйек (қоса есептегенде) аралығында Нұр-Сұлтанда вакцинаның бірінші компонентін алған 18 жастан асқан тұрғындар қатысты.
Елорда әкімдігі бұдақ бөлек, апта сайын вакцина салдырғандар арасында iPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың ұтыс ойынын өткізіп келді. Нәтижесінде 19 iPhone телефоны, 6 тоңазытқыш, 4 теледидар, 2 планшет, 4 микротолқынды пеш, 5 принтер, 2 бейнетіркегіш, кір жуғыш машина, "Алиса" ақылды колонкасы, ауа ылғалдандырғыш үлестірілді.