Нұр-Сұлтанда «Құнанбай» кітабының тұсаукесері өтті
Елордада «Құнанбай» кітабының тұсаукесері өтті. Хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында 3 мың данамен жарық көрген тарихи шығармаға Құнанбай Өскенбайұлының өмірі мен еңбегі арқау болған.
Ғылыми еңбектің авторы Ерлан Сыдықов. Жаңа туынды Мәскеу қаласында «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен орыс тілінде басылып шықты. Кітапта көрнекті қайраткер Құнанбайға қатысты тек тарихи деректер топтастырылған. Алдағы уақытта қазақ, қытай, түрік және ағылшын тілдеріне аударылмақ.
«Мен кәсіби тарихшымын. Осы уақытқа дейін тапқан материалдарды жинақтап, кітап жазып, ол Мәскеуден шығып, бізді қуанышқа бөлеп отыр. Ал «Неге Құнанбай?» деген сұраққа келер болсақ, біз Құнанбайды Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» кейіпкер сияқты қабылдап отырмыз. Жазушының ұлылығының арқасында дүниеге осындай образдар келді, бірақ қанша айтқанмен ол - кітаптағы образ ғана. Құнанбай - тарихи тұлға. Оның нақты өмірі, қоршаған ортасы мен істеген істері болды. Құнанбайды зерттеген кезде таптық көзқарасты, парииялық принципті алып тастар, тарихи объективті көзқараспен көрсету керек болды. Бүл үлкен кешенді зерттеулердің бір бағыты ғана. Бұл кітапты жазу барысында Омбы, Новосібір, Шығыс Қазақстан, Орталық Қазақстандағы арзив құжаттар қолданылды», - дейді Ерлан Сыдықов.
3 мың данамен жарық көрген кітап кез келген оқырманға рухани азық болары сөзсіз.