Нұр-Сұлтан қаласында әлемнің 15 елінің жетекші нейрохирургтарының қатысуымен форум өтуде

Елордада алыс және жақын шетелдің 15 елінен осы саланың 200 жетекші мамандарының қатысуымен Халықаралық нейрохирургиялық форум өз жұмысын бастады. Іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қатысты.

Алматы, NEGE. ҚР вице-премьері Ералы Тоғжанов құттықтау сөзінде бұл форумның тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ Ұлыбритания, АҚШ, Израиль, Ресей, Жапония, Италия, Швейцария елдерінің атақты ғалымдары қатысатын әлемдік ғылыми қоғамдастықтың ғылыми-практикалық саласындағы маңызды оқиға екенін атап өтті.

"Үкімет еліміздің әрбір азаматы үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мәселелеріне көп көңіл бөледі. Денсаулық сақтауды дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезеңінде бірқатар жаңа ғылыми клиникалық орталықтар, оның ішінде Ұлттық нейрохирургия орталығы іске қосылды, ол бүгінде Орта Азиядағы жетекші клиникалардың бірі, медициналық инновациялардың флагманы, нейрохирургия саласындағы озық ғылыми және клиникалық орталық болып табылады", - деді Е.Тоғжанов.

Қазақстанның нейрохирургиялық қызметін жақсарту бойынша орталықтың жүйелі жұмысы нейрохирургиялық ауруларды емдеу бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы орындардың біріне шығуға мүмкіндік берді.

Осылайша, Қазақстанда, оның ішінде Орта Азияда да, алғаш рет 70 – тен астам жаңа технологиялар енгізілді,  сондай-ақ нейрохирургияның түбегейлі жаңа бөлімдері ашылды - микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалдық нейрохирургия.

"Қазақстанның нейрохирург дәрігерлері ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып жүкті әйелдерге бас және жұлын миы патологиялары кезінде бірегей оталар енгізіп, жүргізуде. 2021 жылдың маусымында стереотаксикалық радиохирургияға арналған заманауи кешен – Орталық Азия аумағындағы жалғыз Гамма-пышақ іске қосылды, 400 - ден астам операция жасалды",-деп атап өтті ҚР вице-премьері.

Ұлттық нейрохирургия орталығы базасында құрылған инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы бүкіл республика бойынша 70-тен астам инсульт орталықтарының жұмысын үйлестіреді.

ІІ және ІІІ деңгейлерде жіті инсульт кезінде шұғыл нейрохирургиялық көмек көрсету дағдыларын пысықтау үшін тренингтік орталық құрылды.

"Ұлттық нейрохирургия орталығы ұлттық және халықаралық мойындауға ие болды және өзінің ашылу мақсатын – Қазақстан Республикасының үлкен даму стратегиясының бір бөлігі ретінде қазақстандықтарға нейрохирургиялық көмек көрсету сапасын жақсартуды ақтады. Сонымен қатар, қызметкерлер Қазақстанның нейрохирургиялық қызметін жақсарту үшін жаңа міндеттер мен мақсаттар қояды, оның ішінде гибридті операциялық бөлмелерде нейрохирургиялық операциялар жүргізу бар. Ғалымдар мен практиктердің тығыз ынтымақтастығының, тәжірибе алмасудың арқасында форум нейрохирургия мен жалпы денсаулық сақтауды дамытуға жаңа серпін беретініне күмән жоқ", - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.