Нұр-Сұлтан әлі ашулы, Көлгіновте маза жоқ...

Кеше кешке Нұр-Сұлтанда әуе рейстерінің бәрі қайтадан тоқтатылды. Өткен аптаның аяғына қарай боран біршама толастағандай, ентігі басылғандай болып еді, жексенбіде «кәрі қаңтар» қайтадан қаһарына мінді.

Нұр-Сұлтан, NEGE. «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы ауа райының қолайсыздығы мен қашықтықты көру шектеулі болғандақтан, ұшу қауіпсіздігін сақтау үшін ұшып келетін және ұшып кететін әуе рейстерінің барлығын белгісіз уақытқа дейін тоқтататынын хабарлайды. Желдің жылдамдығы – секундына 20 метр, кейде 24 метрге дейін жетеді» деп хабарлады әуежайдың баспасөз хатшысы Жеңіс Ахметжанов.

Түнде Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов пен Төтенше жағдайлар жөніндегі қалалық департамент басшысы Бауыржан Сыздықов және қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев елорда тұрғындарына үндеу жасады. Үндеуді елорда әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.

«27 қаңтар, сағат түнгі үш. Ауа райының қолайсыздығына байланысты мектептер мен колледждердегі сабақ тоқтатылды. Жоғарғы және арнайы оқу орындарында да оқуды тоқтатуды сұраймыз. Бизнес құрылымдар, ұйымдар, мекемелер жұмыс уақытын қысқартсын» деді полковник Сыздықов.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың әкімі Алтай Көлгіновті мақтаған. Әкімге іскерлігін көрсететін нағыз шақ туды. Білетіндердің айтуынша, Көлгіновте қазір маза жоқ. Қайбір жылы Алматыны қалың қар басқанда да Бауыржан Байбек әбден сасқан. Қалай болғанда да, жас әкімдерге бұл тәуір емтихан болғалы тұр.

Қазір оқып жатыр

Таяу Шығыстағы соғыс: Тоқаев келіссөздерді Түркістанда өткізуді ұсынды

«Бірінші кредиттік бюро» басшылығына қатысты тергеу аяқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті

21 наурыз – «Ынтымақ күні»