Нұрлы жер: Кезексіз үй алған шенеуніктерге қатысты тергеу жүріп жатыр

Шымкент қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының ережесін бұзып, баспаналы болған шенеуніктерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Алматы, NEGE. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жағдайды түсіндіруді талап етіп, қала әкімдігіне сауал жолданғанын мәлім еткен еді. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев іс бойынша тергеу жүріп жатқанын атап өтті.

«Аталған пәтерлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» облигациялық займдары есебінен салынды. Тұрғын үйлер баспана кезегінде тұрған азаматтарға арналған. Сол сияқты олар «Отбасы банкінің» салымшылары. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Істің мән-жайын толығырақ айта алмаймыз», – деді Ә.Нәлібаев.

Оның айтуынша, бүгінде жергілікті әкімдік аталған мәселеге қатысты қосымша шара қабылдап жатыр.

«Әкімдіктің ресми позициясын күтіп отырмыз», – дейді ол.