Нұрлан Ермекбаев: Жамбыл облысындағы жарылысқа Арыстан әкелген оқ-дәрілер себеп болған жоқ
ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысының Сарыкемер ауылында Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс туралы журналистер сұрақтарына жауап берді.
Алматы, NEGE. - Мұнда Арыстағы оқ-дәрілердің үштен бір бөлігі ғана әкелінген. Көп емес. Оның үстінде тек инженерлік оқ-дәрілер сақталған, - деді Ермекбаев.
Айтуынша, мұндағы база арсеналдан кіші.
- Біріншіден, бұл әскери қойма емес, оқ-дәрілер базасы. Өйткені терминология бойынша қойма бар, сақтау орны бар, база бар, арсенал бар. Арыста арсенал болатын. Мұндағы база, арсеналдан кіші. Бұл базада тек инженерлік оқ-дәрілер сақталған. Инженерлік оқ-дәрілер жарылғанда алысқа ұшпайды, ол бір. Екіншіден, оның көлемі, саны Арыстағыдан 7-8 есеге аз. Сондықтан Арысқа қарағанда қаупі әлдеқайда төмен. Арысқа қарағанда тұрғын үйлер базадан алыста орналасқан. Жақын радиуста орналасқан адам саны көп емес, - деп жауап берді журналистердің сауалына.