Нұрлан Әлімжанов бастық болды

Естеріңізде болса, Nege.kz порталында

«Нұрлан Әлімжанов Нұр-Сұлтан әкімдігінен жұмыс сұрап жүр» деген мақала жарияланып, оған экс-депутат шамданып қалған. Мақала жарияланғаннан кейін редакцияға өзін «Әлімжановтың тікелей менеджерімін» деп таныстырған Динара Оразбаевадан ашулы хат келді. 

Менеджерінің айтуынша, Нұрлан Әлімжанов Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне жұмыс сұрап барған жоқ, әкімдік оны өздері шақырған. Тілшіміз оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне ресми сауал жолдаған болатын. Хатымызға жауап көп ұзамай қолымызға тиді.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппаратының хабарлауынша, әкімдік Нұрлан Әлімжановты шақырмаған. Сонымен қатар, актермен жеке кездесу де ұйымдастырылмаған болып шықты. 

Есесіне, Нұрлан Әлімжановтың бүгіннен бастап  Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының басшысы лауазымына тағайындалғаны белгілі болды.

«Н. Әлімжанов «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының 16-бабына сәйкес және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидалары негізінде өткізілген конкурс нәтижесінде «Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасы» ММ басшысы лауазымына ағымдағы жылы 19 наурызда арнайы тексерудің нәтижелерін алған күнге дейін жұмысқа қабылданды», – делінген ресми жауапта. 

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Сыдықов пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Сот Сыдықовты кінәлі деп тауып, 5 жылға  бас бостандығынан айырған.

Н.Сыдықов

Енді міне, конкурстық іріктеулер нәтижесінде Мәдениет басқармасынан істі болып кеткен Нұрланның орнына тағы бір Нұрлан бастық болып келді. Экс-депутаттың өкпесі енді басылатын шығар...

Қазір оқып жатыр

Дубай соты қазақстандық бизнесмендерге 950 мың доллар айыппұл салды

Астана тұрғынының пәтерінен 20 мың доллар мен зергерлік бұйымдар ұрланды

Қазақстанның мемлекеттік қарызы бір тоқсанда 400 млрд теңгеге жетті

Чемпиондар вагоны: қарағандылық бишілер желіні тәнті етті