Ұсталған Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиев туралы не белгілі?

11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті және өзге де адамдарды ұстады. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.

NEGE

Астана, NEGE. Әзірге күдіктілерге нақты қандай айып тағылғаны белгісіз. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

NEGE редакциясы екі басшының өмірбаянын, еңбек жолын, табысы мен отбасы туралы ашық деректерді зерделеп көрді.

«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов кім?

Нұрлан Жақыпов 1978 жылы 31 наурызда дүниеге келген. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) тәмамдаған. Экономика бакалавры мен магистрі дәрежесі бар, сондай-ақ экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 2001 жылы Еуразиялық өнеркәсіп қауымдастығында қаржы сарапшысы болып бастады. Кейін Замбиядағы Chambishi Metals компаниясында, Research, Investment and Development ұйымында жұмыс істеген. Сондай-ақ Credit Suisse, UBS және Rothschild & Co сияқты халықаралық қаржы ұйымдарында қызмет атқарған.

2016–2017 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» компаниясында даму және инвестициялар жөніндегі басқарушы директор әрі басқарма мүшесі болды. 2017–2019 жылдары «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарып, 2020–2023 жылдары Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) басқарушы компаниясының басқарма төрағасы қызметіне ауысты.

Ал 2023 жылдың сәуірінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл қызметте қордың инвестициялық портфеліне кіретін ірі компаниялардың жұмысына жетекшілік етті.

Бұған дейін Жақыповтың табысына қатысты да қоғам тарапынан сұрақтар туындаған. Оның 2022–2024 жылдардағы декларациясында жалпы сомасы 805,9 млн теңге табыс көрсетілген. Жақыпов журналистерге бұл қаражаттың негізгі бөлігі мемлекеттік секторға келгенге дейінгі жеке бизнесі мен халықаралық қаржы ұйымдарындағы жұмысынан түскенін түсіндірген.

4 ай басшылық еткен «ҚТЖ» басшысы туралы не белгілі?

Елжас Отыншиев 1987 жылғы 1 сәуірде дүниеге келген. Мәскеу физика-техникалық институтында қолданбалы математика және физика мамандығы бойынша білім алып, 2008 жылы бакалавриат, 2010 жылы магистратураны тәмамдады.

Еңбек жолын 2007 жылы Мәскеудегі Ernst & Young компаниясында аналитик болып бастаған. 2009–2012 жылдары «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясында менеджер, кейін инвестициялық жобалар департаментінің директоры қызметін атқарды.

2012–2019 жылдары «Самұрық-Қазына» қорының инвестициялық бағытындағы құрылымдарда жұмыс істеді. 2019–2023 жылдары жеке холдингтер мен KIDF инвестициялық қорының басқарушы компаниясында басшылық қызметтер атқарды.

2023 жылдың сәуірінде «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару жөніндегі қосалқы басқарушы директоры болып тағайындалды. 2025 жылдың сәуірінен бастап осы бағыттағы басқарушы директор қызметін атқарды. Сонымен қатар ҚТЖ директорлар кеңесінің құрамында болды.

2023 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Ал 2026 жылғы 20 шілдеде «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы болып тағайындалды. Ұсталғанға дейін ҚТЖ-ны төрт айға да толмай басқарды. Бұл қызметке ол жиі сынға ұшыраған Талғат Алдыбергеновтің орнына келген еді. 

Жақыпов пен Отыншиевті не байланыстырады?

Екі басшының кәсіби жолы бірнеше рет тоғысқан. Екі менеджер де шамамен екі жыл бойы Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) ұйымында бірге жұмыс істеген.

Жақыпов 2020 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың сәуіріне дейін KIDF басқарушы компаниясының басқарма төрағасы болса, Отыншиев 2021–2023 жылдары осы қордың басшылық қызметтерінің бірін атқарған. 

2023 жылдың сәуірінде екеуі де «Самұрық-Қазына» қорына ауысты. Жақыпов басқарма төрағасы болып тағайындалса, Отыншиев стратегия және активтерді басқару жөніндегі қосалқы басқарушы директор қызметіне келді. 2025 жылдың сәуірінде Отыншиев осы бағыттағы басқарушы директор болды.

Олардың кәсіби байланысы мұнымен шектелген жоқ. 2025 жылы екеуі «ҚазМұнайГаз» компаниясының директорлар кеңесінде бірге болды. Жақыпов кеңес төрағасы әрі «Самұрық-Қазына» өкілі болса, Отыншиев қордың мүддесін қорғайтын кеңес мүшесі болды.

Айта кетейік, Отыншиев басқаратын ҚТЖ ұлттық компаниясының жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» қоры.