27 августа 2025 г. 18:13

Нұрдәулет Қилыбай: Маңғыстаулық ұстаздар Сингапур мен Қытайда тәжірибе алмасады

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 27 тамыз күні Маңғыстауда «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі облыстық тамыз конференциясы өтті.

Маңғыстау, NEGE. Кеңеске облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау, Оксфорд университетінің докторанты Меруерт Бижанова, білім беру және еңбек нарығы саласындағы халықаралық сарапшы Дмитрий Судаков, Түркиялық Хисар мектебінің директоры Окан Узели, қазақстандық және шетелдік танымал спикерлер және 700-ден астам білім беру ұйымдарының басшылары мен сала қызметкерлері қатысты.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Шара аясында IT саласына арналған көрме ұйымдастырылып, отандық және шетелдік компаниялар өз технологиялық жаңалықтарын таныстырды. Жиында тек баяндамалармен шектелмей, панельдік пікірталас өтіп, оған Маңғыстаудан шыққан түлектер, халықаралық сарапшылар мен қоғам өкілдері қатысты. Пікірталас барысында балабақшадан колледжге дейінгі білім берудің үздіксіздігі, заманауи ұстаздың рөлі, білімге тең қолжетімділік пен шығармашылық қабілеттерді дамыту мәселелері талқыланды.

Жиын барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, облыс мектептерінде білім беру сапасын арттыру бойынша қолға алынып жатқан шараларға тоқталды.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тамыз концеренциясында білім сапасын арттыру мен педагог мәртебесін көтеру бойынша ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, «Ұстаз - ұлттың шамшырағы». Сол шамшырақ әр баланың жүрегіне жол тауып, болашағына бағыт беруі керек. Қазір - білім мен ғылымның заманы. Осы тұрғыда өңірде білім сапасын арттыру мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асып жатыр. Онымен тоқтамай біз биылғы оқу жылынан бастап, кезең-кезеңімен үш жыл бойы, арнайы курстан өткен 50 директорды цифрландыруы дамыған алдыңғы қатарлы Сингапур, Қытай сынды мемлекеттерге тәжірибе алмасуға жіберетін боламыз. Сонымен қатар, 30 мектеп оқушысын АҚШ оқуға жіберуді жоспарлап отырмыз. Бұл бастамалар білім беру сапасын арттыруға, ұстаздардың кәсіби деңгейін көтеруге және жастардың жаһандық бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Конференция соңында 30-ға жуық үздік білім беру ұйымдары және облыстың білім беру жүйесін дамытуда үлес қосып жүрген бірқатар қызметкер мен педагогтар құрметке ие болды.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісі Ақтау қаласының №29 мектеп бастауыш мұғалімі Моншақ Ертлеуоваға, Құланды мектебінің бастауыш мұғалімі Айсұлу Бековаға және Түпқараған ауданы мектеп-гимназия математика мұғалімі Гүлбаршын Дүйшоваға табысталды. «Шапағат» орденімен Қарақия ауданындағы «Қарақұдық» мектебінің ардагер ұстазы Жания Бесінбаева мен Ақтау қаласындағы №2 арнайы мектеп-интернатының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Маңдайлы Жарылғас марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар сала мамандары ҚР Оқу-ағарту министрінің және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Айта кету керек, биыл өңірдің білім беру сапасында ілгерілеушілік бар. Оған дәлел биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері өткен жылмен салыстырғанда жақсарған. 2024 жылы 3362 түлек грант иегері атанса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3464-ке жетіп, білім сапасының біртіндеп артып келе жатқанын көрсетті.