20 января 2026 г. 13:26

Нұрайдың өлімі: Президент полицияның жұмысын тексеруді тапсырды

Фото: Видеодан скриншот

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты қоғамда өрбіген пікірталасқа үн қосты. 

Астана, NEGE. Ұлттық құрылтай мінберінде сөйлеген Президент Шымкенттегі сұмдық оқиға ел ішінде үлкен алаңдаушылық тудырғанын айтты. Оның сөзінше, Нұрайдың қазасына байланысты құрылтай хатшылығына 130-дан аса азаматтық өтініш келіп түскен.

«Күдіктінің маза бермей, қоқан-лоққы көрсеткені анықталды. Ақыры оның арты адам өліміне әкеп соқты. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор бұл мәселені мұқият тексереді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы қыз алып қашу әрекетін ашық айыптап, оны «жабайы қылмыс» деп бағалады. Президент мұндай қатыгездікке қоғамда ешқашан орын болмауы тиіс екенін атап өтіп, заңнамалық өзгерістер де осы талапқа сай жүргізілуі керектігін ескертті.

Еске салайық, қанды оқиға 11 қаңтар күні Шымкентте болған. Шерхан Аймахан атты жас жігіт Нұрай Серікбайды аңдып, артынан қуып жетіп, бірнеше рет пышақтап өлтірген. 21 жастағы қыз алған жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырды. 28 жастағы күдікті екі күннен кейін, 13 қаңтарда ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Нұраймен таныс болған. Сондай-ақ, марқұм қыз қыр соңынан қалмаған жігітке қатысты құқық қорғау органдарына арыз жазған. Бірақ нәтиже болмаған.

Сондай-ақ, жақында күдікті танымал ерлі-зайыпты блогерлер Камила Әділхан мен Мағжан Аймахан туысы екені белгілі болды. Олар марқұм Нұрайдың отбасына көңіл айтып, Шерханның өз туысы екенін ашық мойындаған еді. Ерлі-зайыпты блогерлер інісінің бұл әрекетін қатаң айыптап, оны еш қолдамайтынын мәлімдеді.