Nur Otan «көрден» тұрды... Фоторепортаж
Қаңтар қырғынынан Алматы қаласындағы біраз ғимарат қирады. Бүлікшілер қалалық әкімдіктен тартып, прокуратура, Nur Otan партиясы бөлімшелері орналасқан ғимараттарды қиратып, кейбірін өртеп жіберді. Бұрынғы билік партиясының қазіргі жай-күйі қандай? Nege.kz тілшісі Nur Otan партиясының Алматының 8 ауданындағы бөлімшелерін аралап шықты.
Бейбіт митинг соңы бүлікке ұласқан шақта қалың нөпір алдында кездескен, ұнамаған дүниелерді қирата бастаған. Сол тізімнің басында Nur Otan партиясының Әуезов аудандық филиалы тұр. Төле би көшесінің бойындағы «Айсұлтан» бизнес орталығының маңдайшасында үлкен әріппен жазылған «Nur Otan» деген жазумен қоса 6 қабатты ғимараттың терезесі түгел қирап қалған-ды.
Аталған ғимараттың алғашқы қабаты ғана партияға тиесілі болса, өзге қабаттарда басқа компаниялар жұмыс істеп келген. Қазір бизнес орталықтың тіршілігі тұралап тұр.
Партияның жұмысы тоқтап тұрған тағы бір бөлімшесі бар. Ол – Түркісіб ауданында. Бірақ, оған ел ішіндегі бүлік емес жаһанды жайлаған вирус себеп болыпты. Ғимараттың кіреберісінде дәл сондай мәтіндегі орыс тіліндегі хабарлама ілулі тұр.
Бір қызығы, вирус партия жұмысын тұралатқанымен қоймай, ғимарат маңдайшасындағы жазуды да «құлатқанын» байқадық.
Бүлік кезінде маңдайшадағы жазуы алынған тағы бір Nur Otan-ның бөлімшесі – Медеу ауданында.
Бір қызығы, тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы біраз үнсіздіктен соң эфирге шыққаннан кейін жазу қайта орнатылды...
Партияның өзге бөлімшелеріне айтарлықтай залал келмепті. Ғимарат та аман, жазу да орнында. Алайда партия бөлімшелеріне кірген-шыққан адам қарасы байқалмайды.
28 қаңтарда Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі өтеді. Партия төрағалығына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келетінін бұрынғы президенттің өзі айтты. Партияның басшылығымен бірге құрылымы да өзгеретіні анық. Ал енді билік партиясының атауы өзгере ме? Осы жиында басы ашық біраз сұраққа жауап алуымыз мүмкін.