Нөсерден кейін LRT станциясының төбесінен су ақты

Әлеуметтік желілерде Астанадағы қатты нөсерден кейін LRT желісіндегі «Сығанақ» станциясының кіреберісінде төбеден су аққаны түсірілген видео тарады.

Астана әкімдігі

Астана, NEGE. CTS мәліметінше, бұл жағдай инженерлік жүйелерді іске қосу-баптау жұмыстарына байланысты болған.

«Аталған жағдай инженерлік жүйелерді іске қосу-баптау жұмыстары барысында өртке қарсы жүйелердің жабдықтарын тексеру және реттеу процесіне байланысты болды. Бұл жұмыстар кезінде өрт сөндіру жүйелеріне қызмет көрсетуге арналған технологиялық люктер ашылады. Соның салдарынан кей жағдайда ішке ылғал өтуі мүмкін», – деп хабарлады CTS баспасөз қызметі.

Компания қазіргі уақытта ақауды жою және нысанның тиісті деңгейде герметизациялануын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.

CTS мәліметінше, Tarlan Astana штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.