12 января 2026 г. 14:29

Нөмірі көрінбейтін көлік иелеріне қанша айыппұл салынады?

Фото: freepik.com

Республикалық автожолдарда жалған мемлекеттік нөмірлер бойынша 900-ге жуық құқықбұзушылық анықталған.

Астана, NEGE. «ҚазАвтоЖол» мәліметінше, олардың арасында мемлекеттік тіркеу нөмірі жалған, жасырылған, оқылмайтын немесе талапқа сай келмейтін фактілер кездескен. Іс-шара полиция департаменттері, көлік прокуратурасы және компания филиалдарымен өзара іс-қимыл аясында ұйымдастырылған.

«Мемлекеттік нөмір белгісі – көлік құралының міндетті сәйкестендіру дерегі. Нөмір белгісі ұлттық стандарт талаптарына сәйкес орнатылып, тәуліктің кез келген уақытында анық көрініп, еркін оқылуы тиіс. Ластану салдарынан нөмір оқылмай қалса, жүргізуші оны уақтылы тазалауға міндетті. Ал МТНБ-сыз басқару, нөмірді әдейі жасыру/бұрмалау, сондай-ақ жалған немесе қолдан жасалған нөмір белгісін қолдану – Қазақстан Республикасының жол жүрісі қағидаларын және заңнамасын тікелей бұзу», – дейді компания өкілдері.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бабы бойынша мынандай жауапкершілік қарастырылған (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК – 4 325 теңге):

  • оқылмайтын, стандарт талабына сай емес немесе белгіленген орыннан тыс орнатылған нөмірлер – 5 АЕК (21 625 тг);
  • мемлекеттік нөмір белгілерінсіз басқару (сондай-ақ бірқатар жағдайларда тіркелмеген көлік құралын басқару) – 10 АЕК (43 250 тг);
  • бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК (86 500 тг) немесе 1 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру (сот шешімімен);
  • көлік құралына жалған немесе қолдан жасалған нөмір белгісін орнату – жеке тұлғаларға 15 АЕК (64 875 тг) (лауазымды адамдарға және бизнес субъектілеріне айыппұл мөлшері жоғары);
  • көрінеу жалған/қолдан жасалған нөмірмен, сондай-ақ нөмірді жасыратын, бұрмалайтын не тануға кедергі келтіретін материалдармен/құрылғылармен жабдықталған нөмірмен басқару – 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және 1 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру (сот шешімімен).

«Нөмірді әдейі "жасыруға" арналған пленка, жапқыш, рамка-шторка секілді құрылғыларды қолдану немесе жалған нөмір орнату қауіпсіздік тәуекелдерін күшейтіп қана қоймай, қатаң әкімшілік жауапкершілікке, оның ішінде қамаққа алу және жүргізу құқығынан айыру сияқты шараларға әкелуі мүмкін», – деп ескертеді компания өкілдері.

Мамандар жүргізушілерді жолға шығар алдында мемлекеттік нөмір белгілерінің берік бекітілуін, тазалығын және анық оқылуын тексеріп шығуға шақырады.