Ноғаев жер қойнауын пайдаланушыларға ескерту жасады
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жер қойнауын пайдаланушыларға ескерту жасады.
Алматы, NEGE. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі мұнай-газ саласының бірқатар нысанын аралады. Делегация «Gas Processing Company» ЖШС-нің «Қожасай» газ өңдеу зауытының жұмысымен танысып, Жаңажол газ өңдеу зауытында және «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ газтурбиналы электр станциясында болды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Сапар қорытындысы бойынша мұнай-газ саласы, кәсіпкерлер, Энергетика министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. – Облыс әкімі Энергетика министрлігінің алдына кен орындарына жақын орналасқан елді мекендерді газбен жабдықтауға жәрдемдесу, сондай-ақ олардың тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін қойып отыр. Біз жер қойнауын пайдаланушылармен осы мәселелерді пысықтап, олардың әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ жер қойнауын ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға әсерді азайту өте маңызды. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық мерзімі аяқталғанымен, кен орны мен оған іргелес жерді пайдалану мерзімі аяқталмайды, біздің ортақ міндетіміз – кен орындарының қызмет ету мерзімін ұлғайту, бұл тек ұқыпты пайдалану кезінде ғана мүмкін болады. Бұл мәселе министрліктің тұрақты бақылауында, – деді Нұрлан Ноғаев.