27 августа 2025 г. 0:20

Нысана көздеуден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатында рекорд жаңартты

Фото: gov.kz

Шымкент қаласында өтіп жатқан нысана көздеу мен стенд атудан XVI Азия чемпионатында кезекті рекорд жаңарды.

Алматы, NEGE. Ерлер арасында 10 метрден аралас ырғақта жылжымалы нысана көздеуден Қазақстан-1 жасөспірімдер командасы топ жарды. Рамазан Хусаинов, Шахзод Ирназаров пен Валат Мусаев үштігі 1065 ұпай жинады. Бұл - жасөспірімдер арасындағы жаңа Азия рекорды.

Мұнда күміс Қазақстан-2 командасына, қола Өзбекстанға бұйырды. Айта кетейік, кеше Хусаинов, Ирназаров, Мусаевтан жасақталған команда жылдам ырғақтағы сайыста алтыннан алқа таққан.

«Бұл - мен үшін ғана емес, командадағы бәріміз үшін алғашқы Азия чемпионаты. Жарыс басталған күні қобалжыдық. Бапкерлер бізге үнемі кеңес беріп, қолдады. Бағана рекорд тіркегенімізді солардан естідік. Әлі де қуанып тұрмыз. Бұл біздің осы спорттағы әзірге ең ірі көрсеткішіміз»,-деді Рамазан Хусаинов марапаттаудан кейінгі сұхбатында.

Ересектер арасында осы сайыста Қазақстан-1 құрамасы жеңімпаз атанды. Команда сапында Асадбек Назиркульев, Андрей Худяков пен Даниил Яковенко бақ сынады.

Айта кетейік, Шымкент қаласында өтіп жатқан сары құрлық бәсекесінде бүгінге дейін ересектер, жасөспірімдер санатында 10-нан астам әлем және Азия рекорды жаңарды. Жарыс 30 тамызда аяқталады.