18 февраля 2021 г. 19:38

Никонов Дзержинскийдің орнына Назарбаевтың ескерткішін қоюды ұсынды

Фото:

«Ресей Мемлекеттік думасы Білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов Мәскеудің орталығындағы Лубянка алаңына Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін қою туралы ұсыныс айтты», – деп жазды «Проспект Фурманова» телеграм-каналы.

Бұған дейін Ресейдің бұрынғы мәдениет министрі Михаил Швыдкой бос тұрған алаңға «мемлекеттің де көңілінен шығатын және қоғамды біріктіре алатын тұлғаның ескерткіші тұруы тиіс» деген.

Лубянка алаңы, кеше.

Лубянка алаңының тарихына аз-кем тоқталсақ, бұл алаң 1926 жылдан 1990 жылға дейін «Дзержинский алаңы» деп аталып келді. Сәйкесінше, алаңның қақ ортасында қасқайып «совет чекистерінің атасы» Феликс Дзержинскийдің «өзі» тұратын.

1991 жылы Дзержинскийдің ескерткіші алынып тасталды да, содан бері алаң бос тұр. Міне, В.Никонов осы бос тұрған алаңға – Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ғимаратының дәл алдына Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін қоюды ұсынып отыр.

Депутаттың пікірінше, Қазақстанның тұңғыш президенті – өздері іздегендей «қоғамды ұйыта алатын» тұлға.

В.Никонов

Телеграм-каналдың хабарлауынша, «Одноклассники» желісіндегі парақшасына Никонов былай деп жазыпты: «Бауырлас Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан және Беларусьті қосқан Еуразиялық одақ құру идеясы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тиесілі. Өміріміздің жарқын кезеңіндегідей бір үйде тұру мүмкін болмаса да, бір аулада тұру керектігін ол басқадан да нәзік һәм жете түсінді. «Арқасын тосу», достық демеу, антқа беріктік бәрімізге көмектесіп, жаңа тарихымыздың ең қорқынышты кезеңі 90-жылдардан аман өттік. Бұл ескерткіш біздің халықтар арасындағы достығымызды бұрынғыдан да бекіте түседі».

В.Никоновтың бұл «ұсынысты» әлеуметтік желіден бөлек қандай мінберде айтқаны әзірге беймәлім. Отандық ресми БАҚ «желдің ауанын» бағып отырса керек, әзірге үнсіз. Егер рас болса, ұсыныс Никоновтың өзінен шықты ма, әлде Кітапхана мен Ақордадағы ақылмандар аузына салып берді ме, бұл жағы тағы белгісіз.

Лубянка алаңы, бүгін.

Бір анығы, бос тұрған Лубянка алаңы талайдан бері талас-тартысқа тақырып болып жүр. Тарихқа сенсек, Дзержинскийді орыстар екі рет өлтірді. Алғаш рет 1926 жылы «жүрек талмасынан», екінші рет 1991 жылы ескерткішін құлату арқылы. Енді орыстың ұлтшыл-патриоттары Дзержинскийдің ескерткішін қайта қоюды талап етіп жүр. Олардың қарсыластары Александр Невскийдің, Иван ІІІ-тің тіпті Алла Пугачеваның ескерткішін қоюды қалайтын көрінеді. Ал Никонов Назарбаевты қолай көреді.

Сіз қалай ойлайсыз, патша көңілді оқырман, Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың ескерткіші Лубянкада қасқайып тұрса, несі жаман?

Тегтер: