Никол Пашинян үкіметтің отставкасы туралы өтінішке қол қойды

Армения премьер-министрі Никол Пашинян үкіметтің отставкаға кетуі туралы өтінішке қол қойды. Бұл жөнінде ол әлеуметтік желіде хабарлады.

primeminister.am

Астана, NEGE. Пашинянның айтуынша, үкіметтің отставкаға кетуі – жаңадан сайланған парламент жұмысының басталуына байланысты Конституцияда көзделген рәсім.

«Бүгін Армения Ұлттық жиналысының тоғызыншы шақырылымының алғашқы отырысы басталды. Конституцияның 158-бабына сәйкес, жаңа парламент жұмысын бастаған күні үкімет отставкаға кетеді. Мен үкіметтің отставкасын қабылдауды сұрап, президенттің атына тиісті өтінішке қол қойдым», – деді Пашинян.

Армения Конституциясына сәйкес, қазіргі үкіметтің мүшелері жаңа министрлер кабинеті жасақталғанға дейін міндеттерін атқара береді. Ал президент парламентте көпшілік орынға ие болған партия ұсынған кандидатты премьер-министр етіп тағайындайды.

Парламент сайлауында Пашинян басқаратын «Азаматтық келісім» партиясы 49,81 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Сондықтан Никол Пашинянның үкімет басшысы қызметіне қайта тағайындалуы мүмкін.