Нығматулиннің ұлына қатысты рейдерлік іс Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне берілді
Нұржан Нұрлановқа (мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы) қатысты рейдерлік бойынша полиция бастаған іс Алматы қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне берілді, деп хабарлайды ҚазТАГ.
Алматы, NEGE. Рейдерлік істі енді полиция емес, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тарапынан тергеліп жатқанын Қаржы мониторингі агенттігі растады.
Нұржан Нұрланов 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасына дейін, 2019 жылдың ақпан айынан бастап «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарған. Оған дейін, 2018 жылдың қаңтарынан бастап «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма мүшесі болған. Бұған қоса, Нұрлан Нығматулиннің ұлының мансабында Қазақстанның квазимемлекеттік секторында бірнеше «маңызды» лауазымдар атқарғаны көрсетілген.
Нұрлан Нығматулин Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылдың 1 ақпанында Мәжіліс спикері қызметінен кетті. Ол 2016 жылдан бастап төменгі палатаны басқарған. Бұл оның спикер ретіндегі екінші мерзімі еді – ол бұған дейін 2012–2014 жылдары да мәжіліс төрағасы болған. Түрлі жылдары ол Президент әкімшілігін, сондай-ақ Қарағанды облысын басқарған.
Нығматулиндер әулетіне қатысты бірнеше рет рейдерлік әрекеттер, қылмыстық топтарға және көлеңкелі схемаларға қатысы бар деген айыптаулар айтылған. Сонымен қатар, қылмыстық істерді қолдан жасауға да қатысы болуы мүмкін деген күдік бар. Алайда, бүгінгі күнге дейін ағайынды Нығматулиндер бостандықта жүр.