«Негізі жоқ ақпаратқа қалай пікір білдіремін?»: Ақкенженов Теңіз кен орны туралы
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Теңіз кен орнына қатысты келісімшартты қайта қарау жөнінде шетелдік БАҚ-та тараған ақпараттың шынайылығына күмән келтірді.
Астана, NEGE. Үкімет ұйымдастырған брифингте журналист министрден Қазақстан «Теңізшевройлмен» келісімшартты қандай шарттармен қайта қарауды жоспарлап отырғанын және одан елге қандай пайда түсетінін сұрады.
Ақкенженов алдымен ақпараттың қайдан алынғанын сұрады. Журналист Reuters агенттігіне сілтеме жасағаннан кейін министр мұндай мәліметтерге пікір білдіруге негіз жоқ екенін айтты.
«Шетелдік баспасөзде біреу бірдеңе айтты делік. Бірақ оны растайтын құжат та, нақты дерек те, белгілі бір тұлғаларға жасалған сілтеме де жоқ. Ешқандай негізі жоқ ақпаратқа қалай пікір білдіруге болады?» – деді министр.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп, Қазақстан Теңіз кен орны бойынша келісімшартты 2033 жылдан кейін ұзарту үшін 10 млрд доллар алуды және жобадағы үлесін 20%-дан 35%-ға дейін арттыруды көздеп отырғанын хабарлаған.
Алайда бұл шарттар әзірге ресми түрде расталған жоқ.