18 декабря 2019 г. 11:30

Питер Фостердің арманы НЕГЕ орындалмайды?

Boeing жаңа жылдан бастап 737 MAX ұшақтарын өндірмейтін болды. Бірақ Air Astana бір ай бұрын осы маркалы 30 ұшақ сатып алу үшін келісім-шартқа қол қойып қойған. Ол ұшақтар FlyArystan лоукостеріне қажет болып тұр. Енді Air Astana не істейді?

Nege.kz сұрау салған сарапшылар "Air Astana қазір Boeing резервінде тұрған 400 ұшақты алушылар тізіміне ілінеді не басқа ұшақтар іздейді" дейді. Boeingтің өзі 737 MAX ұшағының қауіпсіздігіне сенімді емес. Өндіріс те сол себепті тоқтатылмақ.

НЕГЕ мұндай жағдайға тап болдық?

19 қараша күні Air Astana Boeing 737 MAX 8 маркалы 30 ұшаққа тапсырыс беруге ниетті екенін хабарлады. Дубайда өткен авиасалон кезінде Air Astana мен Boeing өкілдері сатып алу ниетін білдіретін өзара келісімге қол қойды. Келісімнің ортақ құны 3,6 миллиард АҚШ долларына шамалас. 30 ұшаққа шаққанда  әр ұшақтың бағасы 120 миллион долларға бағаланғанының айғағы.

Фото: Inform.kz

Өткен аптада Air Astana жыл қортындысын шығарып, компания президенті Питер Фостер журналистермен галстуксыз кездесу өткізді. Әрине, Boeing 737 MAX тақырыбы да сөз болды. Бүкіл әлем жаңа 737-ге күдікпен қарап, ол ұшақты қаңтарып отырғанда, Air Astanaның оны сатып аламын деп құлшынып отырғаны түсініксіз. Питер Фостердің айтуынша, қол қойылған келісім ештеңеге міндеттемейді, тек компания өз ниетін білдірді.

- Бұл ұшақтарды әлемдегі барлық құзырлы мекемелер қайта тексеріп, жаңадан сертификаттаудан өткізгеннен кейін ғана аламыз. Халықаралық мекемелердің сертификаттауды қатаң өткізетінін білесіздер. Егер олар ұшаққа әуеге көтерілуге рұқсат берсе, демек олардың толық қауыпсіз екеніне сенуге болады, - дейді Питер Фостер.

Экс вице-министр Марат Төлібаевтың айтуынша, ұшақтарға тапсырыс бірнеше жыл бұрын беріле береді. Сондықтан ол Air Astana дәл қазір ұшақ сатып алады деген сөз емес. Қазір авиакомпания Boeing 737 MAX-тан бірден бас тартып, басқа ұшақ ала алмайды. Оның келіссөздері өте ұзақ. Сондықтан не Air Astana Boeing 737 MAX-қа иек артады не тіпті жаңа ұшақтарсыз қалуы мүмкін.

- Әуе компаниясы жаңа ұшақтардың барлық ақаулары жойылып, оның қауіпсіз екеніне сенімді сияқты. Тағы бір себебі, өткен апаттардан кейін Boeing 737 MAX бағалары арзандауы да мүмкін. Сондықтан егер ақаулар жойылып, баға түсетін болса, әрине біздің осы ұшақты таңдайтынымыз түсінікті.

737 MAX-тан неге қорқамыз?

Жап-жаңа Boeing 737 MAX бір жылдың ішінде 346 адамды өлтірді. 2018 жылы 10 наурызда Эфиопияда Ethiopian Airlines компаниясына қарасты Boeing 737 MAX 8 апатқа ұшырап, борттағы 157 адамның барлығы қаза тапты. Сол жылы, 29 қазанда Индонезияда Lion Air  компаниясының осы типті ұшағы құлап, 189 адам көз жұмды.

Фото: Pravda.ru

Boeing 737 MAX 8 кесірінен былтырғы жыл әуедегі апаттар мен одан қаза тапқан жандар саны бойынша қаралы жыл болып есептеледі. Еуроодақ, АҚШ пен Ресей бұл ұшақтың ұшуына тиым салды.

Nege.kz

Тегтер: