9 октября 2025 г. 14:20

Nazarbayev University әлемнің ең беделді рейтингінде 100 орынға көтерілді

Фото: Nazarbayev University

Nazarbayev University (NU) жаһандық аренадағы орнын тағы да нығайтты — университет Times Higher Education WUR 2026 рейтингінде бір жыл ішінде 100 позицияға жоғарылады.

Астана, NEGE. Университеттің баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа рейтинг бүгін, 9 қазанда шығарылды. Бар болғаны он бес жыл бұрын есігін ашқан оқу орны бүгінде әлемдегі ең үздік университеттердің қатарына кіріп, елдің академиялық беделін халықаралық деңгейде асқақтатып келеді.

ТМД елдері арасында NU төртінші орынға көтеріліп, Шығыс Еуропадағы экономикалық және саяси зерттеулердің жетекші орталығы саналатын Жоғары экономика мектебі және «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университетін басып озды. Алдыңғы орындарда М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу физика-техника институты және Н.Э. Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті орналасқан.

Фото: Nazarbayev University

Жаңа көрсеткіштер қазақстандық университетінің үш негізгі критерий — оқыту, зерттеу ортасы және зерттеу сапасы бойынша алға жылжығанын білдіреді. Жас NU бұл жаһандық рейтингке алғаш рет 2024 жылы енген болатын және бар болғаны екі жылдың ішінде айтарлықтай серпіліс жасап, Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы №1 жоғары оқу орны мәртебесін растады.

Фото: Nazarbayev University

Рейтингте Орталық Азия мен Кавказ университеттері арасында едәуір өзгерістер орын алды: бірден бірнеше оқу орны өзінің позциясын жаңартты, олардың қатарында су ресурстары бойынша маңызды зерттеулер жүргізетін Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты (5001–600), Әзербайжан мемлекеттік экономикалық университеті (801–1000), Ташкент мемлекеттік техникалық университеті (1001–1200) және т.б. бар.

Фото: Nazarbayev University

Қазақстан атынан рейтингке бес университет енді: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1201–1500), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (1501+), Satbayev University (1501+), Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (1501+) және көшті бастап тұрған — Nazarbayev University.

NU президенті профессор Вакар Ахмад рейтингтегі серпілісті бүкіл университет қауымдастығының соңғы екі жылдағы табанды еңбегінің жемісі екенін атап өтті. «Біздің мақсат — қазақстандық болмысымызды сақтап қалып, нағыз әлемдік деңгейдегі университетке айналу», — деді ол.

Биыл рейтингке 115 ел мен аумақтан барлығы 2191 ұйым қатысты. THE World University Rankings рейтингі — зерттеу бағытындағы университеттер үшін әлем бойынша ең беделді көрсеткіштердің бірі. Сол себепті NU жетістігі ерекше мәнге ие. Бұл бағыттар алдағы жаңа институционалдық стратегияның негізін құрап, NU-дың халықаралық беделін одан әрі арттыруға жол ашады.