Назарбаевтың баспасөз хатшысы НЕГЕ үнсіз?
Соңғы күндері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесіне қатысты толассыз әңгіме болып жатыр. Бірақ оның баспасөз қызметі үнсіз.
Тұңғыш президент – Елбасы туралы заң күшін жояды, «Елбасы» деген сөз айтылмайды, Конституция бойынша тұңғыш президентке аздаған мүмкіндіктер беріледі.
Қоғамда Назарбаевтың алдағы уақыттағы мәртебесі осылай абың-күбің әңгіме болып жатқанда экс-президенттің баспасөз хатшысы неге пікір білдірмейді?
Жуырда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің атындағы музейге барды. Атшы-қосшыларының арасында баспасөз хатшысы Айдос Үкібай да жүрді.
Nege.kz тілшісі Айдос Үкібайға хабарласып, экс-президенттің Конституциядағы мәртебесіне қатысты ойын білмек болған. Алайда Назарбаевтың баспасөз хатшысы телефон қоңырауларына да, жазылған хаттарға да жауап бермеді.
Бәлкім, шынымен де, Тоқаев Назарбаевтан «Қандай мәртебе қалайсың?» деп сұрамаған да шығар. Әйтпесе, ең болмағанда Үкібай «әу» дейтін еді ғой...