5 ноября 2025 г. 13:44

Назарбаевтың жиен немересі Қазақстан азаматы ма? ІІМ не дейді

Фото: NEGE

Ішкі істер министрлігі Тимур мен Динара Құлыбаевтардың ұлының азаматтығына қатысты ақпаратты жария етуден бас тартты.

Астана, NEGE. Telegram-дағы «Выход к морю» арнасының хабарлауынша, 2019 жылы Алтай Асқар Кипр азаматтығын алу үшін өтініш берген. Автордың есебінше, Құлыбаевтардың ұлы үшін бұл шамамен 1 млрд теңгеге түсуі мүмкін.

Біз Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдап, Алтай Асқар қазір Қазақстан азаматы ма, жоқ па – соны анықтауға тырыстық. Себебі заңнама қос азаматтыққа тыйым салады.

Алайда ІІМ бұл сауалға нақты жауап беруден бас тартты.

«Азаматтыққа қатыстылығы немесе қатысы жоқтығы туралы мәліметтер қолжетімділігі шектеулі ақпарат болып табылады. Сондықтан көрсетілген тұлғаға қатысты бұл деректер өзінің немесе оның заңды өкілдерінің келісімінсіз берілмейді. Бұдан бөлек, жеке деректерді ашық дереккөздерде тарату тек дерек иесінің немесе оның заңды өкілінің келісімі болған жағдайда ғана мүмкін (Заңның 7-бабы, 3-тармақ)», – деген жауап берді.

Бұған дейін «Выход к морю» Telegram-арнасы ERG компаниясының тең иесі Патох Шодиевтің қызы Муниса Шодиева 2003 жылы Қазақстанның дипломатиялық төлқұжатын алғанын және он жылдан кейін оны жаңартқанын хабарлаған еді. Алайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растай алмады, ал Ішкі істер министрлігі Шодиеваның Қазақстан азаматы еместігін ғана мәлімдеді