19 июля 2025 г. 17:27

Назарбаевтың ұлы мен немересі Канндағы қымбат кеште көзге түсті

Фото: Коллаж NEGE

Канн қаласында өткен сән-салтанатты қайырымдылық кешке Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы Тауман Назарбаев пен немересі Нұрәлі Әлиев қатысты. Бұл туралы Нұрәлі Әлиев өзінің Instagram парақшасында жариялаған фотолардан белгілі болды.

АЛМАТЫ, NEGE. 17 шілдеде өткен Knights of Charity («Рақымдылық рыцарьлары») атты гала-кеш биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Іс-шара Францияның Круа-де-Гард қамалында өтті. Бұл – жұлдыздар мен әлемдік бизнес элита тұрақты түрде бас қосатын, мәртебесі жоғары қайырымдылық кеш.

Биылғы кештің құрметті қонақтарының бірі – Йорк герцогинясы Сара Фергюсон болды. Ол ерекше киімімен жұрт назарын өзіне аударды. Шара барысында әйгілі италиялық тенор Андреа Бочелли мен R&B әншісі Робин Тик өнер көрсетті.

Әлемдік БАҚ-тың хабарлауынша, кеш аясында балалар мәселелерімен айналысатын бірнеше ұйымға қомақты қаражат жиналған.

Алайда Нұрәлі Әлиев пен Тауман Назарбаев бұл кешке қандай мәртебеде қатысқаны белгісіз. Айта кету керек, мұндай кешке қатысу тегін емес: қарапайым орынның өзі кемі 12 000 еуро (6 миллион теңгеден асады), ал жеке үстелге тапсырыс беру 120 000 еуродан (шамамен 60 миллион теңге) басталады.