20 марта 2024 г. 0:06

Назарбаевтың інісі Самат Әбіш «Қаңтар оқиғасы» бойынша кінәлі деп танылды

Фото: ғаламтордан

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш қаңтар оқиғасы бойынша айыпты деп танылып, шартты түрде сотталды.

Алматы, NEGE. Депутат Ермұрат Бапи әлеуметтік желідегі парақшасында Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің сотталғаны туралы жазба жариялады.

«26 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен сегіз жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды», - деді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ермұрат Бапи бұған дейін Қазақстанда ешкім 8 жылға шартты түрде сотталмағанын ескертіп, сот шешіміні әлдекімдердің әсер еткенін айтады.

Ақпарат соттан ресми расталған жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Самат Әбішке қатысты «Қаңтар оқиғасы» кезінде билігін және қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айыппен сотқа дейінгі тергеу басталған болатын. 2024 жылдың 15 қаңтарында Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді.