21 октября 2024 г. 13:20

Назарбаевтың Маргарет Тэтчерге таққан «Достық» ордені сатылымға шығарылды

Фото: ашық дереккөзден

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчерге Қазақстанда берілген «Достық» ордені сирек және көне кітаптар мен заттарды сатуға арналған британиялық интернет-платформаға шығарылғаны белгілі болды. 

Алматы, NEGE. Британиялық платформада қазақстандық орден 12 500 фунт стерлингке бағаланып отыр. Бұл 7,8 миллион теңгеден асады. Аталмыш награданы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Тэтчерге 2001 жылы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін берген. 

Фото: peterharrington.co.uk

Жарнамадағы сипаттамада қораптың төменгі жағы аздап сырылғаны болмаса, жалпы жақсы күйде екені көрсетілген.  

«Асыл тастармен көмкерілген төсбелгі жұлдызша пішінді, лента орден белгісімен бірге көк түсті матамен, ақ атласпен қапталған, «Достық» жазуы бар, түпнұсқа қорапта корольдік көк барқыт астарға салынған», - деп жазылған сипаттамада.

«Достық» ордені халықаралық ынтымақтастықты жоғары деңгейде ынталандыру мақсатында 1995 жылы тағайындалды. Қазақстанда бұл орден қоғамдағы өзара келісімді сақтаудағы жемісті еңбегі, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы қызметі үшін марапатталады.

Маргарет Тэтчер осы орденмен марапатталған жетінші адам болды.