НАЗАРБАЕВТЫ енді КІМ күзетеді?
Күні бүгінге дейін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қауіпсіздігіне Мемлекеттік күзет қызметі (МКҚ) жауапты болып келді. Енді президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен МКҚ-ден осы жауапкершілікті алып тастамақ.
«Қазақстан Республикасы президентінің 2014 жылдың 4 мамырындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік күзет қызметі ережесін бекіту туралы» №814 жарлығына мынадай өзгертулер енгізілсін: Мемлекеттік күзет қызметінің ережесі қазіргі жарлық бойынша жаңа редакцияда жазылсын», – делінген Қ.Тоқаевтың жарлық жобасында.
Ережені жаңарту туралы бұл жоба бойынша, Мемлекеттік күзет қызметінің миссиясына «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасын» күзету кірмейді. Сондай-ақ, Мемлекеттік күзет қызметі «Назарбаевтың абыройына, бостандығына, құқығына, денсаулығына қарсы бағытталған құқық бұзушылықты анықтау, ескерту» дейтін басы артық шаруадан да құтылады.
Мұның барлығы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңның күші жойылғаннан кейінгі өзгертулер.
Қазір Мемлекеттік күзет қызметін Сәкен ИСАБЕКОВ басқарады. Исабеков бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметінің кадрында әртүрлі офицерлік және басшы лауазымдардағы қызмет атқарды.
2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзет қызметінің бастығы болды. Ал 2022 жылы қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды.
Енді Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты кім күзетеді? Ол енді жеке күзет ұйымдарының қызметіне жүгіне ме?