Назарбаевты боқтағандар енді сотталмайтын болды
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевты тек қана мемлекетке жасаған опасыздығы үшін ғана жауапқа тартуға болады. Қалған қылмыстары үшін жазаға тартуға заң тыйым салады. Өйткені, Конституцияда солай жазылған. Бұл туралы Әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеді. Десе де,бұдан былай Назарбаевтың ар-намысына тигендер, қорлағандар, боқтағандар да жазаға тартылмайды. Себебі, қылмыстық кодекстен Елбасыға тіл тигізуден қорғайтын 373-бап күшін жоймақ.
Қанат Мусин заңның егжей-тегжейін түсіндіре отырып, бұрынғы президенттің үстінен қылмыстық іс қозғап, жауапкершілікке тартуға болмайтынын айтты. Сондай-ақ «бұл заң Назарбаевтың отбасына, айталық, қыздары мен күйеу балаларына да жүре, жоқ па?» деген сауалға:
«Аныған айта алмаймын. Әйтеуір, Конституцияда тек қана президент туралы айтылған. Әйелдеріне және отбасы мүшелеріне бұл норма жүрмейді. Тұңғыш президент туралы заң бойынша да қорғалмайды», - деп жауап берді әділет министрі.
Қанат Мусиннің сөзіне қарағанда, енді Назарбаевқа тіл тигізгендер қылмыстық жазаға тартылмауы мүмкін. Қылмыстық кодекстен 373 бап күшін жоймақ. Бұл бап бойынша, тұңғыш президенттің ар-намысына тиіп, қорлауға, суретін бүлдіруге, Елбасының заңды қызметіне кедергі келтіруге тыйым салынып, бұл үшін жазаға тартылатын-ды.
«Ел президентіне тіл тигізу туралы басқа бап бар. Ол қалады. Ал Елбасы туралы бөлек бап енді болмайды», - деп жауап берді әділет министрі.
Қанат Мусиннің сөзінен аңғарғанымыз, сотқа беріп, жазалай алмаса да, енді Назарбаевты жақтырмайтындар ішін босатып, тілдеп алуына рұқсат берілмек.