14 июня 2024 г. 14:51

«Назарбаевты ұстап берсе» – Мәжілісмен Кәрім Мәсімовтің жазасын жеңілдетуге қатысты пікір білдірді

Фото: ғаламтордан

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің жазасын белгілі бір шарттармен жеңілдетуге болатынын айтты. 

Алматы, NEGE. Ермұрат Бапи егер Мәсімов 2021 жылғы қаңтардағы оқиғаның мән-жайын толық ашып, нақты ұйымдастырушыларды көрсетуге дайын болса, оның әрекеті қайта қаралуы мүмкін екенін айтты. Әсіресе, Мәсімов сол кездегі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен әрекет еткен болса.

– Кәрім Мәсімов ұзақ жыл бойы премьер-министр және Назарбаевтың сенімді адамы болды. Ол оның жеке тапсырмаларын орындап қана қоймай, тұңғыш президенттің жеке бизнесін де жүргізіп отырды. Мәсімов оның активтерін шығарумен айналысты, яғни әйгілі Қазақгейттен кейін Еуропадан шығарды, сондай-ақ, ескі Қазақстанның активтерін Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай, Шанхай, Гонконг, Әмірліктерге жіберумен айналысты. Мәсімов барлық транзакцияны ашып, есесіне басына бостандық сұраса, оған кешірім беру керек деп ойлаймын, – деді Ермұрат Бапи. 

Мәжіліс депутатының айтуынша, Мәсімов шын мәнінде не болғанын баяндап, басты ұйымдастырушының атын атауы керек.

– Егер ол барлық транзакцияларды жариялауға және бұл қазақстандықтардың ақшасы екенін растауға дайын болса, біз оған толық емес болса да, кешірім жасауға мүмкіндік беруіміз керек, – деді Бапи.