Назарбаев зияткерлік мектептерін қаржыландыру қысқармайды – министр
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметте өткен брифингте БАҚ өкілдерінің Назарбаев зияткерлік мектептеріне қатысты сұрағына жауап беріп, бұл мектептерге оқушы қабылдау саны қысқармайтынын мәлімдеді.
Астана, NEGE. Журналистер Назарбаев зияткерлік мектептеріне қатысты сын-пікірлерден кейін ата-аналар арасында алаңдаушылық пайда болғанын алға тартып, министрден «Келесі жылы қаржыландырудың қысқаруына байланысты оқушыларды қабылдау саны азайып немесе білім беру сапасы төмендеп кетпей ме?» деп сұрады.
Министрдің мәлімдеуінше, Назарбаев зияткерлік мектептерінің бюджеті 2028 жылға дейін бекітілген.
«Оқушы қабылдау санын қысқартуға қатысты айтар болсақ, жоқ, мұндай мәселе қаралып отырған жоқ. Себебі үш жылдық бюджет қазірдің өзінде бекітілген, Назарбаев зияткерлік мектептерінің бюджеті 2028 жылға дейін бекітілді. Сондықтан гранттар немесе оқушы орындарының саны қысқарады деген мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрлік басшысының түсіндіруінше, мектепке қабылдау саны түлектер санына байланысты болады. Мысалы, төрт сынып бітірген болса, келесі жылы төрт сыныпқа оқушы алынады.
Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі жалпы мектептерге енгізілуі мүмкін
Сүлейменованың айтуынша, министрліктің негізгі ұстанымы – сапалы білімнің барлық балаға қолжетімді болуы. Министр Назарбаев зияткерлік мектебі жинақтаған озық тәжірибені басқа жалпы білім беретін мектептерге тарату қажет деп санайды.
«Біздің ұстанымымыз және, меніңше, ата-аналардың да ұстанымы – сапалы білім тіпті ауылдық жерлерде де қолжетімді болуы керек», – дейді ол.
Министрдің пікірінше, жаңадан салынған 217 жайлы мектеп жай ғана ғимарат болып қалмай, онда сапалы білім беріліп, бәсекеге қабілетті бағдарламалар іске асырылуы тиіс. Бұл ретте Сүлейменова жайлы мектептерде Назарбаев зияткерлік мектебі, Республикалық физика-математика және Білім-инновация лицейі сыныптарын ашу жұмыстары басталып кеткенін атап өтті.
Сүлейменова Назарбаев зияткерлік мектептерінің қомақты қаржыландыру жағдайында осы уақыт ішінде қандай да бір платформа құрып, іріктеу кезінде аздаған балл жетпей қалған балаларға қолдау көрсетпегенін сынға алып өтті.
«Қазір НЗМ-де іске асырылып жатқан барлық бағдарлама мемлекеттік қаржыландырудың арқасында әзірленді. Мемлекет бұл іске қомақты қаражат бөлді. Сондықтан, меніңше, қазір зияткерлік мектептер жинақтаған озық тәжірибені басқа барлық жалпы білім беретін мектептерге тарататын уақыты келді», – деп есептейді министр.
Бұған қоса ведомство басшысы оқу-ағарту министрлігі 12 жылдық білім беру бағдарламасының мазмұнын 11 жыл ішінде іске асыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын атап өтті. Бұл мақсатта арнайы комиссия құрылған.
Оның сөзінше, мұндай өзгерістерді қарастыруға еңбек нарығының трансформациясы мен қоғамдағы өзгерістер себеп болып отыр.
«Біз еңбек нарығының өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Қазір өзгерістер, еңбек көші-қоны және еңбек нарығының трансформациясы жүріп жатқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан барлық оқу және білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына бейімдеуіміз қажет», – деді ол.
Қазір Оқу-ағарту министрлігінде барлық білім беру бағдарламаларын қарайтын арнайы комиссия құрылған.
НЗМ түлектерінің бір бөлігі мектепті 19 жасында бітіреді
Министрлік басшысының айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектептері түлектерінің 88 пайызы жыл сайын мектепті 18 жасында аяқтайды. Ал өткен жылы НЗМ-ді 19 жастағы 300 түлек тәмамдаған.
Оның сөзінше, НЗМ-дегі 12-сынып бағдарламасы негізінен оқушыларды халықаралық университеттерге түсуге және халықаралық емтихандар тапсыруға дайындауға бағытталған.
«Оқушының келесі емтиханға тыңғылықты дайындалуына уақыты болады», – деді министрлік өкілі.
Ал жалпы білім беретін мектептердің 11-сынып оқушыларының жағдайы өзгеше. Олар алдымен мемлекеттік емтихандарды тапсырып, кейін ҰБТ-ға дайындалады.
Осыған байланысты, Сүлейменованың айтуынша, министрлік кезінде енгізілген білім беру саласындағы өзгерістердің қаншалықты орынды болғанын қайта қарап, оқушылар арасында теңсіздікке жол бермеуді көздеп отыр.