Назарбаев туралы мардымды монография жоқ – тарихшы

Тарихшы Жақсылық Сәбитов Қазақстанның қазіргі заман тарихы әлі де толық әрі жан-жақты сипатталмаған деп есептейді. Оның пікірінше, әсіресе Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси дәуірін ғылыми тұрғыдан қайта қарастыратын іргелі зерттеулер жеткіліксіз.

nazarbayev.kz

Астана, NEGE. Бұл тұрғыдағы ойын Сәбитов «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жаңа академиялық жеті томдықты әзірлеу жұмысы арқау болған Decaf. жобасының алғашқы шығарылымында бөлісті.

NEGE редакциясының бас редакторы Аделаида Ауеспекова басылымның жетінші томында Қазақстанның қазіргі заман тарихы қамтылғанын атап өтіп, тарихшыдан ондағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі қалай сипатталғанын сұрады.

«Қазақстанның қазіргі заман тарихындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі қалай көрініс тапқаны туралы басылым жарыққа шыққаннан кейін айтқанымыз жөн шығар. Әйтпесе, спойлер болып кетеді. Оның ішінде не жазылғанын қазір айту қиын. Оның үстіне, мен бұл тақырыптың маманы емеспін. Көлемі 1000–1500 беттен тұратын әр томды оқып отыру да біршама шаршатады. Қазіргі заман тарихы – менің зерттеу кезеңім емес. Менің мамандығым XVIII ғасырдың бірінші жартысында аяқталады. Сондықтан одан арғы кезеңге қатысты менің маман ретіндегі пікіріме аса жоғары баға берудің қажеті жоқ», – дейді Жақсылық Сәбитов.

Дегенмен тарихшы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы әлі де іргелі еңбек жазылмағанын алға тартады.

«Тіпті Қазақстанның қазіргі заман тарихы да толық әрі жан-жақты сипатталмаған деп есептеймін. Мәселе осында. Бізде Нұрсұлтан Назарбаев туралы мардымды монография жоқ. Сондықтан оның дәуірін қайта пайымдап, тарихи тұрғыдан жан-жақты зерделеуге деген қажеттілік бар. Өйткені тарихшы дүниені тек ақ пен қараға бөліп қарастыра алмайды. Ол әлемнің алуан түсті екенін, онда кемпірқосақтың барлық түсі бар екенін түсінуі керек. Сондықтан тарихи тұлғаны оған бүйрегі бұрып немесе жек көріп емес, қандай болса, сол қалпында сипаттау қажет. Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіз Қазақстан тарихын қайта пайымдау бағытында алда әлі де ауқымды жұмыс тұр», – дейді ол.

Тарихшы Жақсылық Сәбитов қатысқан шығарылымның толық нұсқасын YouTube-арнамыздан тамашалауға болады.