18 февраля 2026 г. 15:29

Назарбаев мектебінің оқушысы терезеден құлап кетті

Фото: freepik.com

17 ақпан күні Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 18 жастағы оқушысы үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен.

Астана, NEGE. Жарақат алған оқушы Петропавл қаласындағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қарап-тексеруден кейін науқас шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылған. Оған алдын ала «көпжарақат» диагнозы қойылған: бел омыртқасының III дәрежелі жабық компрессиялық сынуы және екі өкше сүйегінің жабық сынуы анықталды.

«Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағалануда. Әрі қарай емдеу және бақылау үшін ол травматология бөліміне ауыстырылды», – делінген хабарламада.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі («өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.