«Наурызды тойлауға болмайды»: Блогердің мәлімдемесінен кейін Бас прокуратура ескерту жасады

Алматы облысында «Мұсылман болсаң, Наурызды тойлауға болмайды» деп мәлімдеген желі қолданушысы ұсталды. Бас прокуратура осы жайтқа қатысты пікір білдірді.

gov.kz

Астана, NEGE. Қадағалаушы орган онлайн-платформаларда және өзге де ақпараттық алаңдарда пікір білдіру кезінде заңнама талаптарын қатаң сақтау қажет екенін ескертті.

«Жекелеген тұлғалардың ұлттық дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға және тек елімізде ғана емес, оның шегінен тыс жерлерде де көп ғасырлық тарихы бар Наурыз мейрамын атап өтуге қатысты теріс пікірлерді жария түрде таратқан жағдайлары тіркелді.

Олар мұндай пікірлерін дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың өздерінің жалған діни догмалармен үйлеспейтіні туралы бұрмаланған тұжырымдарымен негіздемек болған», – делінген прокуратура хабарламасында.

Прокурорлардың түсіндіруінше, мұндай мәлімдемелер Қазақстан Республикасының өзін зайырлы мемлекет ретінде айқындайтын Конституциясының қағидаларына қайшы келіп қана қоймай, елдегі қоғамдық келісімге, оның ішінде ұлтаралық және дінаралық татулыққа зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың беделін түсіреді.

«Сондай-ақ журналистердің, блогерлердің және ақпараттық алаң иелерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударылады. Осындай жалған діни көзқарастарды насихаттайтын тұлғаларға көпшілік алдында сөз беру арқылы олар шын мәнінде жалған әрі арандатушылық сипаттағы мәлімдемелердің таралуына ықпал етеді. Бұл қоғам санасына теріс әсер етіп, гендерлік теңсіздікті насихаттап, әйелдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайды.

Масс-медиа өкілдерін кәсіби этика қағидаларын, объективтілікті сақтауға және қоғамдық келісімді бұзуы мүмкін идеяларды насихаттауға өз платформаларын пайдалануға жол бермеуге шақырамыз», – дейді Бас прокуратура өкілдері.

Прокурорлардың мәлімдеуінше, қоғамдық тәртіпке және азаматтардың құқықтарына әсер етуі мүмкін көрінеу жалған ақпаратты тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

Сонымен қатар ұлттық, діни немесе өзге де әлеуметтік алауыздықты қоздыруға бағытталған жария мәлімдемелер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес ауыр қылмыс болып саналады.

«Мұндай әрекеттер діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу ретінде саралануы мүмкін, бұл үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы азаматтарды жалған ақпарат таратудан сақтануға, халқымыздың мәдени және ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауға және қоғамда алауыздық пен жанжал туғызуы мүмкін мәлімдемелерге жол бермеуге шақырады», – делінген хабарламада.

Мұндай фактілер анықталған жағдайда құқық қорғау органдары заңнамаға сәйкес қатаң шаралар қабылдайтыны ескертілді.

Қазір оқып жатыр

26 наурыз – Халықаралық Арал күні болуы мүмкін

Халықаралық әріптестік нәтижесінде киберқылмыс деңгейі 4 пайызға төмендеді

Алматыда науқастың ұлы жедел жәрдем қызметкерлерін пышақпен қуған

КҚК-ға шабуыл жайлы жазбаларға байланысты тергеу: іске «бопсалау» бабы қосылды