Нәлібаев Алматы әуежайындағы құрылысты 1 шілдеге дейін аяқтауды тапсырды
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әуежайды аралап, жаңғырту жұмыстары баяу жүріп жатқанын сынға алды, сондай-ақ ол құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтауды тапсырды.
Астана, NEGE. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрлыбек Нәлібаев Алматы әуежайында перрон ғимаратын, ұшақтарды мұздан тазарту алаңын аралап, жаңа жүк тұрақтары құрылысымен және ішкі рейстер терминалының реконструкциясымен танысты.
«Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту – Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі авиациялық хабтардың біріне айналдыруға бағытталған стратегиялық шешім. Алайда жұмыс қарқыны өте баяу. Алматы – туристер көп келетін, ең әсем қалаларымыздың бірі. Әуежай аумағындағы қаланың көркін бұзатын, туристерге жайсыздық тудыратын құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтау керек. Көсе Гөкер мырза, әуежай маңындағы жолаушылардың, туристердің орынды сын-ескертпелеріне негіз болған, созылып кеткен жұмыстарды аяқтайтын уақыт жетті», – деді ол.
Бұл ретте Нәлібаев қала әкімдігіне жаңғырту жұмыстарының сапасы мен уақытылы аяқталуын қатаң бақылауды тапсырды.
Сондай-ақ ол Алматы әуежайының халықаралық терминалын таяуда нөсер жаңбыр салдарынан су басу оқиғасына арнайы тоқталды.
Бұған қоса премьер-министрдің бірінші орынбасары «Алматы-1» вокзалына барып, былтыр наурыз айында басталған реконструкциялау жұмыс барысын тексерді.
«Вокзалға жаз мезгілінде тәулігіне 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық жолаушы келіп-кетеді. Қазір олар үшін жыл он екі ай бойы қолайсыз жағдай туындап отыр. Жоспарланған жұмыс соңына жетпегендіктен, жолаушылар қиындық көруде. Алып шаһарда орналасқан аса маңызды нысандағы жұмыс қарқыны мүлдем сын көтермейді. Жазғы демалыс маусымы басталатын уақыт болды. Сондықтан жұмысты жеделдету керек», – деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Бірінші вице-премьер мердігер компанияға жоба-сметалық құжаттаманы сараптамадан өткізу ісін жеделдетуді, жабдықтарды дер кезінде жеткізуді, ал қала әкімдігіне барлық жұмысты бақылауды тапсырды.