Қазақстан «Газпромға» қатысты АХҚО сотының шешімін орындамайды
21 мамырда «Астана» халықаралық қаржы орталығы соты ICC арбитражының «Газпромнан» «Нафтогаздың» пайдасына 1,4 млрд доллар өндіріп алу туралы шешімін орындау жөнінде қаулы шығарды. Алайда сот шешімі Қазақстан аумағында орындалмайды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде әділет министрі Ерлан Сәрембаев Zakon.kz желілік басылымына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан заңнамасы бұған мүмкіндік бермейді.
«Қазақстан Республикасы өзімен құқықтық байланысы жоқ сот шешімдерін орындау үшін транзиттік алаңға айналмайды. Яғни елдің құқықтық тетіктері Қазақстанның юрисдикциясына қатысы жоқ дауларды қарауды көздемейді, сондықтан қарастырылып отырған "Астана" халықаралық қаржы орталығы сотының шешімі Қазақстан аумағында орындалмайды», – дейді министр.
Бұл істе, Ерлан Сәрембаевтың түсіндіруінше, «Газпром» «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушысы болып саналмайды, даулы мәміле «Астана» халықаралық қаржы орталығы аумағында жасалмаған.
Сондай-ақ ол сот бұйрығы біржақты тәртіпте – жауапкердің қатысуынсыз шығарылғанын айта келе, бұл түпкілікті шешім емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл тек хабарлау сипатындағы құжат екенін және заңды күшіне енбеген.
Айта кетейік, бұл дау Ресей газының Украина арқылы Еуропаға транзиті бойынша 2019 жылы жасалған келісімшарттан туған. Келісімге сәйкес, «Нафтогаз» «Газпромға» Украина арқылы газ транзитін 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін қамтамасыз етуге тиіс болған.
2022 жылдың мамырында «Сохрановка» бағыты арқылы транзит тоқтағаннан кейін «Нафтогаз» қызмет көрсетуді «Суджа» бағыты арқылы жалғастырған. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, «Газпром» бұл қызметтер үшін толық көлемде төлем жасамай, келісімшарт талаптарын бұзған.
2025 жылғы маусымда Швейцариядағы арбитраж «Газпромды» қарызды, пайыздарды және сот шығындарын төлеуге міндеттеді. Ал 2026 жылғы қаңтарда Швейцария соты бұл шешімді растағаннан кейін «Нафтогаз» «Газпромның» активтерін халықаралық деңгейде өндіріп алу процесін бастады. Осыған байланысты «Астана» халықаралық қаржы орталығының бірінші сатыдағы соты «Нафтогаз» пайдасына қаржыны мәжбүрлеп өндіріп алуға рұқсат беретін шешім шығарды.