Мұсылман әлемі Трамптың «Бейбіт жоспарын» сынауда
АҚШ-тың беделді ақпарат құралдары президент Дональд Трамптың Таяу Шығысқа қатысты «бейбіт жоспар» деп аталып кеткен саясатының жақсы нәтиже беретініне күмән келтіруде.
Алматы, NEGE. Бұған дейін президент Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездескен соң палестин-израиль қақтығысын шешуге бағытталған «Бейбіт жоспардың» жай-жапсарымен таныстырған еді.
The Washington Post газеті Трамптың жоспары Израильдің мүддесін көздейді деп жазады. Басылым журналистері бұл жоспардың АҚШ-та Трампқа қатысты импичмент дауы басталған, ал Израильде Нетаньяхудың билігі саяси дағдарысөқа ұшыраған тұста пайда болғанына назар аударады.
The New York Times басылымы да Трамптың Таяу Шығысқа байланысты жоспарын Израильдің күйін күйттейтін жоба ретінде бағалауда. Мақала авторлары Трамптың жоспары күшті Палестина мемлекетік құрудан көрі, Израильдің Иордан өзенінің батыс жағалауындағы аумақтарды басып алуына жол ашып беретінін айтады.
Трамп нені ұсынады?
Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің бөлінбес астанасы қылуды және Иордан өзенінің бойындағы бірқатар аумақты еврей мемлекетіне беруді ұсынады. Ал қасиетті жерлерді Израиль мен Палестинаның бірге бақылағанын қалайды.
Трамп Палестина мемлекетінің әскері болмауы керек деп санайды, сонымен бірге әуе кеңістігі мен шекарасын күзету мүмкіндігінен бас тартуы тиіс . АҚШ президенті Шығыс Иерусалимді палестиналық мемлекеттің астанасы қылуды ұсынуда. Егер палестиндіктер ұсынысына келісім берсе, ол жерде америкалық елшілік ашуға уәде беруде.
Палестиндіктер Израиль басып алған жерлерге оралуға мүмкіндік бермейтін жоспарды қабылдамай тастады. Бірқатар араб елдері мен Ресей және Түркия секілді мұсылман мемлекеттері Трамптың «Бейбіт жоспарын» Таяу Шығыстағы тектетіресті одан әрі ушықтыратын ұсыныс ретінде сынауда.